Кітап — адам баласының ең басты байлығы. Кітапты кейде өмірдің кілті деп те жатады. Оның адам өміріндегі, қоғамдағы орнының үлкен екені бәрімізге белгілі. Кітап құзырында адамның мәртебесін асқақтатып, жаңа мүмкіндіктерге жетелейтін құдірет бар. Ертеде кітапты тек ғалымдар, білімі зор тұлғалар ғана жазса, бүгінгі күні көрген-білгенімен бөліскісі келетін саналы, көзі ашық адамдар да кітап жазып, оны жариялай алады. Ал кітапты басып шығару үшін қанша қаржының керек екенін білесіз бе?
Ең алдымен қолжазбаны сенімді баспаға тапсыру керек. Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәліметі бойынша елімізде тіркелген 300-ден астам баспа және баспа ісімен айналысатын ұйымдар бар. Демек, сізде таңдау мүмкіндігі зор. Қолжазбаңызды баспаға тапсырмас бұрын, бірнеше баспалардың қызметімен танысып шыққаныңыз жөн. Оларды бір-бірімен салыстырыңыз. Алғашында баспалардың басым бөлігі сіздің кітабыңызды тегін жарыққа шығарудан бас тартуы мүмкін. Бүгінгі күні баспалардың басым бөлігі кітапты ақылы түрде басады десек, қателеспейміз. Еңсеңізді түсірмеңіз. Себебі, әлемге әйгілі автор Джоан Роулингтің "Гарри Поттер" жайлы кітабын кезінде 14 баспа жариялаудан бас тартқан. Ал бүгінгі күні бұл кітап 450 млн данамен сатылған дүниежүзіндегі ең үздік кітаптардың қатарына кіреді. Талаптансаңыз, сіздің де кітабыңыз осындай жетістікке жетеді. Бар болғаны шыдамдылық танытып, алғашқы кітабыңызды өз қаржыңызға жариялауға дайын болыңыз.
Полиграфиялық қызметі арзан баспаны іздестіріңіз. Көбінесе блокнот, визитка, бүктеме шығаратын компаниялар мен типографияларда полиграфиялық қызметтер ірі баспаларға қарағанда арзанырақ. Ең бірінші кітабыңызды 300 данамен шығаруға кеңес береміз.
Қолжазбаңыздың өте сауатты жазылғанына сенімді болсаңыз да, оны бірнеше рет оқып шығыңыз. Қолжазбаңызға редакторлық, корректорлық түзетулерді, иллюстрацияны, толықтай өзіңіз жасайсыз, соңынан типографияға өткізесіз. Егер бұл жұмысты істеуге қосымша көмек керек десеңіз, жеке редакторды, дизайнерді жалдағаныңыз дұрыс. Жеке редактор мен дизайнерге, корректорға баспада жұмыс істейтін редакторға қарағанда арзанырақ қаржы жұмсайсыз.
Тираждың құны
Тираждың құны сіздің кітабыңыздың көлеміне байланысты. Кітаптың көлемі үлкен, оның тиражы көп болған сайын, басу құны да қымбат болады.
Қағаздың сапасы
Қағаздың қатты және жұмсақ түрі болады. Жұмсақ қағаз қатты қағазға қарағанда екі есе арзанырақ.
Түс
Кітаптағы мәтін тек бір түспен жазылса, сәйкесінше кітапты басу құны арзан. Ал егер бірнеше түстер қолданылса, қымбат.
ISBN нөмір және беттеу
Кітаптың халықаралық ISBN нөмірі болуы керек. Бұл нөмірді шамамен 6000-7000 теңгеге сатып алуға болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасында ISBN нөмірі беріледі. Сондай-ақ кітабыңыз жарық көргеннен кейін оның 20 шақты данасы еліміздегі белгілі бір кітапханаларға таратылады. Беттеу кезінде кітаптың әр бетіне шамамен 350 теңге жұмсалады
Баспада кітапты басу қымбатырақ болғанымен, оның өзіндік артықшылықтары бар. Баспаға қолжазба екі түрде, яғни электронды және қағазға компьютермен басылған қолжазба түрінде қабылданатынын ескеріңіз. Белгілі бір баспамен келісімге келгеннен кейін, міндетті түрде кітап басу процесіне атсалысып тұрыңыз. Сонымен қатар, келісімшарт бойынша өз құқығыңызды, баспаның құқығын сақтағаныныз абзал. Келісімшартта сіздің авторлық қаламақыңыз көрсетіледі. Баспада авторға қаламақы төлеудің екі жолы бар. Біріншісі — кітап жарық көргеннен кейін, сатылымнан түскен қаржының белгілі бір пайызынан авторлық қаламақы шығарылады. Екіншісі — әр авторлық табаққа беріледі. Авторлық табаққа берілетін сома автормен бірге ақылдасқаннан кейін, автордың келісімімен бекітіледі. Баспа бір авторлық табаққа 200-300 теңге беруі мүмкін. Авторлық табақ 40 000 таңбадан тұрады. Бұл шамамен интервалы 1.7, 10 қаріппен терілген 25 баспа табаққа тең. Баспада сіз редактормен тығыз жұмыс істейсіз. Егер қолжазбаңыздан сапалы кітап шығуын қаласаңыз, редактордың кеңесіне құлақ түріп, оның пікірін құрметтеңіз.
Расында, кітапсыз адам баласының болашағы бұлыңғыр. Ол бір ұрпақтың келесі ұрпаққа берген мұрасы, қарт адамның жас буынға айтқан ақылы сынды бағалы дүние. Кітапты әр кезеңдегі белгілі бір елдің экономикасы мен мәдениетін жеткізуші құрал десек те қателеспейміз.
Айару Өтенбаева "7"