Кеше Алматы облысының Саты ауылында «Көлсай көлдері» ұлттық паркін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды.
Ұлттық парктің Бас директоры Данияр Тұрғанбаевтың айтуынша алдағы уақытта 3 визит-орталық, глэмпингтер, кемпингтер мен этно-ауыл, караванингке арналған орындар дайындау көзделеді. Сонымен қатар туристік маршруттар мен соқпақтарды дамытуға басты назар аударылады. Нысандар жеңіл конструкциялармен салынады. Яғни, күрделі құрылыс жүргізілмейді.
«Қайыңды, Көлсай көлдеріне бірде-бір нысан жақын салынбайды. Ғимараттардың бәрі төмен орналасады. Шатқалдың ішіне кірмейді. Бұл – табиғаттың сұранысын, қажеттілігін ескеріліп жасалған тұжырымдама. Концепцияның басты мақсаты – экожүйені бұзбау. Адамдар жаяу немесе велосипедпен жүріп, табиғатқа зиян тигізбей демалатын жағдайға келуіміз керек. Тағы бір мақсатымыз - елді-мекен тұрғындарын жұмыспен қамту. Тек ірі бизнес өкілдері емес, жергілікті халық туризмнің пайдасын көруі тиіс», - деді парк директоры жиында.
Тұжырымдама бекітіліп, инвесторлар қаржы салса экотуризмнің дамуымен қатар жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары пайда болады, қонақ үй қоры ұлғаяды.
«Бұл ретте табыс жылына 150 млн теңгеге дейін өседі», - деді Данияр Тұрғанбаев.
Ұлттық парк директорының айтуынша қазір Қайыңды мен төменгі Көлсай көліне жүктеме көп. Туристер арасында негізінен Көлсай-Сарыбұлақ асуы, Саты-Қайыңды бағыты сұранысқа ие. Ал жалпы парк аумағында 7 туристік бағыт бар. Тұжырымдамада барлық бағытты қамту, оған қажетті инфрақұрылым жасау көзделген. Құжатты бекіту мен инвесторлардың жобаларын мақұлдау алдағы 10 күнде құрылатын қоғамдық кеңес көмегімен жүзеге асады.
«Даму концепциясын парктің жанынан құрылатын Қоғамдық кеңеске шығарамыз. Сол кеңес жан-жақты қарап, талқылап болған соң әрі қарай заңға сәйкес әрекет жасаймыз. Үлкен инвестициялық жоба арқылы нысандар пайда болады. Тұжырымданы ертең бизнес өкілдері инвестициялық жобамен келгенде біздің талаптарды толық түсінсін деп жасап жатырмыз. Байқауға қатысқан кәсіпкер біздің тұжырымдамадағы идея болған жағдайда ғана жұмыс істеуге мүмкіндік алады», - дейді жиынға қатысқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев.
Талқылауға туристік қауымдастықтар мен ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері қатысып, ұсыныстарын білдірді.
Қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтың айтуынша даму концепциясында міндетті түрде жергілікті жерде экологиялық ағарту, мүгедектер мен оқушылардың парк аумағында еркін демалуы үшін қолайлы жағдай жасау, ұлттық нақыштың болуын да қарастыру керек.
Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенованың айтуынша Саты ауылындағы туризм үшін 5 жыл бұрын 30 млн ғана инвестиция салынса, биыл инвестиция көлемі 318 млн теңгеге жеткен. Қазіргі кезде Саты ауылынан бөлек көрші Қарабұлақ ауылы да туристер қабылдауда.
«2018 жылы Қарабұлақта 10, биыл 20 қонақ үй ашылды. Әйтсе де парк маңындағы ауылдарда қонақ үйлерді көбейту керек. Біз де инвестиция салғымыз келеді», дейді Туризм қауымдастығының директоры.
Ұлттық парк маңындағы ауылдарда туризмнің дамуының тағы бір көрсеткіші - 2010 жылы Саты ауылының туризммен айналысатын тұрғындарынан мемлекетке 2 млн 260 мың теңге кіріс түссе, қазіргі кезде 5 млн 600 мыңнан асқан. 2010 жылы 14 қонақжай болса, бүгінде олардың саны 63-ке жеткен.
Соңғы бес жылда парк аумағына келушілер саны 70 мыңға артқан. 2015 жылы келушілер 18 121 болса, 2019 жылы 87 662, ал биыл қаңтардан бері 71 425 адам демалушы келген.
Тұжырымды талқылаудан кейін қатысушылар ұлттық паркті аралап, болашақта инфрақұрылым салынатын орындармен танысты.
«Көлсай көлдері» Ұлттық паркінің Бас директоры Данияр Тұрғанбаевтың айтуынша даму тұжырымдамасы аясындағы жобаларға қызығушылық білдіріп отырған инвесторлар көп.
«Олар ең бірінші этноауыл салсақ дейді. Глэмпинг, кэмпинг жобалары да бар. Қонақ үй салуға қызығушылық білдірушілер де бар, алайда біздің күрделі құрылыс салу мақсатымыз жоқ. Алдағы уақытта қоғамдық кеңес бағыттарды бекітсе, жұмысқа кірісеміз. Мұның барлығы 2025 жылға дейін жүзеге асады», - дейді Ұлттық парк директоры.
Айта кетейік, бұған дейін Іле-Алатауы, Шарын ұлттық табиғи парктерінің даму жобасы таныстырылған. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев, бір топ қоғам қайраткерлері, экобелсенді, журналистердің қатысуымен «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінің даму тұжырымдамасы таныстырылуда.