Ресей президенті Владимир Путин Кремльдегі қызметкерлердің жалақысын 10%-ға қысқарту туралы шешім қабылады деп хабарлайды президенттің баспасөз-хатшысы Дмитрий Песков.
Осыған дейін Мемдуманың төрағасы Сергей Нарышкин президент Владимир Путинге депутаттардың жалақысын төмендету туралы өтініш жасауды ұсынған еді. Ал қаржы министрлігінің басшысы Антон Силуанов барлық мемлекеттік министрлік пен ведомствалардың және федералды агенттіктердің шығындарын 10 пайызға қысқарту туралы үкім шығарған-ды.
Осы арқылы Мәскеу мұнай бағасының төмендеуі мен Украинадағы ахуалға байланысты салынған санкциялар әсерінен орын алған күрделі экономикалық жағдайдың салдарын жоюға тырыспақшы.
2014 жылғы Ресейлік статистика комитетінің мәліметінше, Ресей президенті әкімшілігінің қызметкерлері елдегі ең көп жалақы алатын шенеуніктердің қатарында. Олардың жылдық орташа еңбекақысы 216 мың рубльді құрайды, бұл 2013 жылдың қыркүйегіндегі есептеуге қарағанда 13,8 пайыз артық.
Hay Group компаниясының бағалауынша, 2015 жылы ресейліктердің шынайы жалақысы 1,7 пайызға төмендейді. Ал Украинадағы азаматтардың жалақысы 3,9%-ға, Аргентинада 4%-ға, Венесуэлада 24,1%-ға азаймақ.