Әуекомпаниялар Airbus A320 апатынан кейін борттағы қауіпсіздік ережелерін қатаңдатты. Ендігі жаңа ереже бойынша, кабинада міндетті түрде екі адам болуы қажет: екі ұшқыш немесе ұшқыш және стюард.
"Екі адам ережесін" енгізгені туралы британдық EasyJet, норвегиялық Norwegian Air, Emirates, Monarch және Air Canada әуекомпаниялары мәлімдеді деп хабарлайды Financial Times.
Аталған ереже АҚШ-тың Федералды авиациялық басқармасы тарапынан енгізілді және барлық америкалық әуекомпанияларында қатаң сақталады.
"Екі адам ережесі" бойынша, егер кабинаны бір ұшқыш тастап шықса, ол жерге міндетті түрде стюард кіруі қажет.
Қауіпсіздік ережелерінің қатаңдауына германиялық Germanwings әуекомпаниясының Airbus A320 ұшағының апатқа ұшырауын зерттеуден кейінгі алғашқы нәтижелері себеп болды. Қара жәшіктен алынған мәліметтер бойынша, әуекемесінің командирі ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін дәретханаға шығып кеткен. Қайтып келгенде есік жабық болады, ал екінші ұшқыш Андреас Любиц жауап бермейді. Тергеуге қатысқан прокурор Брис Робен Марселдің айтуынша, Любиц саналы түрде ұшақты апатқа ұшыратқан.
Ал немістің Bild басылымының жазуынша, Любиц осыдан 6 жыл бұрын бір жарым жыл бойы психиатрдың көмегіне жүгінген. Ұшқыштың таныстары оны "бірқалыпты жігіт" болатын деп сипаттайды.