Әлемдік ірі өндірушілердің бірі Lenovo компаниясы Қазақстанда өндіріс орындарын ашпақшы. Бұл туралы компанияның Батыс Еуропа және орта Азия елдеріндегі корпоративті сату менеджері Газиз Абдрасилов мәлімдеді.
Алматы қаласында өткен Digital Almaty халықаралық форумында сөз алған Газиз Абрасилов жергілікті өндірісті жоспарлап отырғанын айтты. Алғашқы кезеңде компьютер, моноблок, ноутбуктер мен планшеттер шығаруды жүзеге асырмақшы. Компания өкілінің айтуынша, жергілікті өндіруші компанияның бірімен серіктес болып, бірлесіп өндіріс жүргізуді таңдап қойған.
«Біз Қазақстанда бірден үлкен зауыт ашпасақ та, өндірісті кезең-кезеңімен локализациялағымыз келеді. Алғашқы кезеңде кейбір өнімдері кастомизация жасау жоспарда бар. Ол – Lenovo өнімдерін осында құрастыру дегенді білдіреді. Сол мақсатта жергілікті өндіруші компанияның бірі – «QazaQ Technology LTD» ЖШС-мен келісімге келдік. Алғашында кезеңде локализация деңгейі – 20-30% құрайды»- дейді Газиз Абдрасилов.
Одан бөлек ірі өндіруші Қазақстанда компьютерлік технологиялар мамандарын даярлауды да жоспарлап отыр. Бірінші кезеңді сәтті еңсерген жағдайда компания келесі кезеңде ауқымды өндіріске көшпекші. Ал үшінші кезеңде өнімдердің барлық бөлшектері жергілікті жерде даярланып, толық өндіріске өтеді. Аталған компания 2021-2022 жылдары әлемде 71,26 млдр доллар пайда тапты. Бұл – Lenovo үшін рекордтық көрсеткіш. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 18%-ға артық.