Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ұлттық банк ескерткіш монеталарды айналысқа шығарады

Ұлттық банк ескерткіш монеталарды айналысқа шығарады

Алматы. 10 қазан. 7kun.kz — Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2017 жылғы 11 қазанда «Қазақстан халқының ертегілері» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік, «рroоf» сапасымен күміс және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан «Неміс ертегісі» (Бремен музыканттары) ескерткіш монеталарын айналысқа шығарады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ертегінің бас кейіпкерлері – есек, ит, мысық және әтеш қалада музыкант болу үшін Бремен қаласына аттанады. Күмістен және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелер бірдей. «Рroof» сапалы күміс монеталардағы бейне жылтыр бетке салынған.

«Неміс ертегісі» монетасының сипаттамасы:

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде қазақ және неміс өрнектерінен жасалған ою-өрнек аясында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін сан (күміс монетада «500», нейзильбер қоспасынан жасалған монетада «100») және «ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Сол және оң жағында бір-біріне қарама-қарсы ұлттық өрнектің элементі бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазу бар.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) бас кейіпкерлер – есек, ит, мысық пен әтештің ормандағы лашықтан қарақшыларды қуып жіберу сәті бейнеленген, сол жерде Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі орналасқан. Айналдыра мемлекеттік тілде «Бремен музыканттары», неміс тілінде «DIE DREMER STADTMUSIKANTEN» деген жазу және соғылған жылын білдіретін «2017» деген сан жазылған. Күміс монетада монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 24g» деген жазба орналасқан.

Монеталар: 925 сынамды күмістен дайындалған, массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – «proof», ең көп таралымы – 2 мың дана; «нейзильбер» қоспасынан жасалған, массасы – 11, 17 грамм, диаметрі – 31 мм, таралымы – 10 мың дана.

Ескерткіш монеталарды «ҚР Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.

Номиналы 500 теңгелік және 100 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, ҚР барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Монеталардың дизайны ҚР Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

«Proof» сапасымен жасалған ескерткіш күміс монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және ҚР Ұлттық банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Нейзильбер қоспасынан жасалған ескерткіш монеталары жақсартылған сапамен дайындалған және сату үшін арнайы полиграфиялық орауға салынған.

Монеталарды ҚР Ұлттық банкінің барлық филиалдарында, банк сайтының «Монеталардың интернет-дүкені» арқылы сатып алуға болады.

Похожие материалы