Ұлттық банкке жаңа басшы тағайындалуы халықтың теңгеге деген сенімін қайтаруға ықпал етуі қажет. Саясаттанушы Айдос Сарым LS-ке осындай пікір білдірді.
Саясаттанушы Ұлттық банк төрағасын тіпті ертерек ауыстыру қажет еді деп есептейді. "Жаңа басшыны кем дегенде жаздың басында немесе мамырда тағайындау керек еді. Сол уақыттан бері өте көптеген процестер орын алды", - деген пікір білдірді ол.
Оның сөзінше, Д.Ақышевтың мемлекет басшысына жақын жұмыс істеуі де осы шешімге әсер еткен. "Ол президенттік әкімшілікке жақын жұмыс істегендіктен, сараптама жасап, түрлі жазбалар жазып жүрген. Кейде жақын ортадан да таңдайтын сәттер болады. Келімбетовтың кетуін оның соңғы әрекетімен де байланыстыруға болмайды. Президент әкімшілігінде сараптама жазып, оны дәлелдеп, көрсетіп жүретіндер де бар ғой", - деп қорытындылады А.Сарым. Оның айтуынша, бұл қызметке Болат Жәмішев немесе Ораз Жандосов келеді деп күткен.
Ал экономист Олжас Құдайбергенов бұл өзгеріс кланаралық күрестің нәтижесінде болды деп есептейді. "Күрт девальвация оған қарсы болғандардың қолымен 50 пайыз болса да жүргізілді. Келімбетовтың кемшілігі ақпараттық тасқында көп қателікке жол берді. Сондай-ақ девальвацияны кезең-кезеңімен жүргізу қажет деген ұстанымы да жеңіліс тапты", - деді ол Фейсбуктегі парақшасында.
Оның сөзінше Ұлттық банк басшысының ауысуы қалай болғанда да теңге курсына әсер етеді. "Валютаның күрт әлсіреуі теңгенің өзіне де, Ұлттық банк саясатына да деген сенімді азайтты. Әсіресе, дайындықсыз, аяқ астынан жүргізілгенде. Менің білуімше, Ақышев күрт девальвация жүргізуді жақтаған. Бірақ ешқандай жауапкершілік болмағандықтан, мұны талап ету оңай. Енді оның өз көзқарасы үшін жауап беретін уақыты келді. Егер осы пікірін сақтап қалса, теңге құлдырауын жалғастырып, оның имиджі Келімбетовқа қарағанда көбірек зардап шегеді. Бұл жерде Ұлттық банк саясаты туралы айтпаса да болады", - дейді ол.
Дегенмен О.Құдайбергенов барлығын қалпына келтіруге мүмкіндік бар екендігін атап өтті. "Егер Д.Ақышев өз көзқарасынан бас тартса, әлсіреу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Онда сенімді қалпына келтіруге де болады. Ол ұзақ уақыт бойы Марченкомен бірге Ұлттық банкте жұмыс істеген. Оның сол әдістерді де жалғастыруы мүмкін, бірақ бірінші өз сөзін күтейік. Оған тек табыс тілеу ғана қалды. Уақыт қиын, ал ойын шарты қарапайым. Минимум құзыр және максимум жауапкершілік", - деп қорытындылады экономист.