Астана. 19 маусым. 7kun.kz - Енді ұлттық компаниялар сырттан қарыз алу үшін үкіметпен келісетін болады. Алдағы уақытта бюджет тапшылығы тек ішкі ресурстардың есебінен қаржыландырылады. Бұл туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді.
«Макроэкономикалық тұрақтылықты және мемлекет қаржысының теңгерімділігін қамтамасыз ету үшін 2016 жылы бюджет саясаты бірқатар шектеулердің негізінде қалыптасты. Осының бірі - бюджет тапшылығының көлемін бақылау. Бюджет тапшылығының мөлшері жоспардағы көрсеткіштен 161,5 млрд. теңгеге төмендеп, 741 млрд теңгені құрады. Екі палатаның жұмыс топтарында аса назар аудырылып талқыланған мәселе - мемлекеттік және квазимемлекеттік борыштың өсуі. Алдағы уақытта бюджет тапшылығын тек ішкі ресурстардың есебінен қаржыландыруды жоспарлап жатырмыз. Холдингтер мен ұлттық компаниялардың сырттан қарыз алу операциялары Үкіметпен келісілетін болады. Борыштық жүктеменің қауіпсіз деңгейде болуы әрқашан қатаң бақылауда болады», - деді министр.
Сомен қатар, Сұлтанов бюджеттің орындалуына қатысты есепті қарау кезінде депутаттар ұсыныстарының маңызы зор екенін айтты.
«Осы жерде қозғалған жүйелі мәселелер бізге салықтық әкімшілендірудегі, бюджет процестеріндегі кемшіліктерді жетілдіруге көмек болады», - деді қаржы министрі.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024