ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 13,50% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 14,50%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 12,50% болады.
Ұлттық Банк макроэкономикалық жағдайдың және Қазақстан қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын қабылдауды жалғастырады.
Инфляцияның барлық құрамдас бөліктері бойынша бағалардың өсуі аясында 2022 жылғы ақпанда жылдық инфляция 8,7%-ға дейін (2022 жылғы қаңтарда – 8,5%) көтерілді.
Азық-түлік тауарларының бағасы нан-тоқаш өнімдері мен жарма, көкөністердің қымбаттауына байланысты 10%-ға (осы жылғы қаңтардағы 9,9%-дан) көтерілді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 8,6%-ға дейін(8,5%) ұлғайды. Тұрмыстық техника, жиһаз бен тұрмыста қолданылатын тауарлар бағасының жоғары өсімі сақталып отыр. Бензин мен дизель отыны бағаларын уақытша реттеу жағдайында жанар-жағармай (ЖЖМ) нарығында дезинфляция байқалады. Алайда ЖЖМ бағасының өсуі жылдық көрсетуде әлі де болса жоғары мәндерде (22,1%) сақталып қалды.
Ақылы қызмет көрсету 2021 жылғы ақпанмен салыстырғанда биылғы ақпанда 7,1%-ға (6,8%) қымбаттады, ол жекелеген нарықтық қызметке бағаның өсуіне байланысты болды. Тұрғын үйді жалдау құнының жылдық өсімі 20,7% болды. Сонымен қатар баға өсуіне жарияланған мораторий аясында газдың бағасы 5,4%-ға дейін (2021 жылғы желтоқсанда – 12,9%) баяулағаны байқалады.
Сыртқы сектор белгісіздіктің өте жоғары деңгейімен сипатталады. Жаһандық экономика геосаяси тәуекелдердің қысымына ұшырап отыр. Осыған байланысты биыл және келесі жылы әлемдік экономика бұрын болжанғаннан барынша төмен қарқынмен өседі деп күтіледі.
Сыртқы нарықтардағы жағдай баға өсуімен сипатталады. Энергия тасымалының, металл мен ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы күрт өсуіне байланысты жаһандық инфляцияның бұрын болжанғаннан жоғары мәндерде ұзақ уақытқа қалу ықтималы жоғары.
2014 жылдан бастап Brent сұрыпты мұнай бағасы алғаш рет барреліне 100 АҚШ долларынан асты. Геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты Ресейден мұнай жеткізудегі іркіліс тәуекелінен жоғары баға қолдау тауып отыр. Сонымен бірге, жоғары сұраныс пен 2022 жылғы қаңтардағы нақты өндіріс рұқсат етілген квоталардан төмен болған ОПЕК+ елдерінің мұнайды барынша аз өндіруі аясында әлемдік мұнай қорларының төмендеуі байқалады. Әлемдегі бүгінгідей жоғары белгісіздікке қарамастан, жалпы алғанда, әлемдік мұнай нарығының бұдан былайғы даму перспективасы позитивті болып қалып отыр.
Биылғы ақпанда ФАО азық-түлік бағасының индексі өсімдік майы, сүт өнімдері, астық және ет бағаларының айтарлықтай өсуі аясында тарихи рекордтық деңгейге жетті.Ресей-Украина қақтығысы әлемдік нарықта бидайдың тапшылығына әкеліп соғады деген қауіп-қатерге байланысты бидай құны 14 жылдық ең жоғары көрсеткішті жаңартты.
Сауда әріптес елдеріндегі күрт өзгеріп жатқан геосаяси және сыртқы экономикалық жағдай мен бұрын-соңды болмаған белгісіздік деңгейі болжамдарды толыққанды дайындау мүмкіндіктерін едәуір қиындатып отыр. Осыған байланысты Ұлттық Банктің болжамдары сараптамалық бағалаумен толықтырылды және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің ықтимал бағытын сапалы бағалау үшін қалыптастырылды.
Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, инфляция алдыңғы болжамдардан жоғары болып қалыптасатын болады. Инфляцияның барынша жоғары серпінінің негізгі себебі азық-түлікке жатпайтын тауарларды тұтынудағы импорттың жоғары үлесіне байланысты теңгенің айырбастау бағамының әлсіреуін ішкі бағаларға ауыстыру болып табылады. Сондай-ақ азық-түлік пен энергия ресурстары бағасының өсуіне байланысты, бірінші кезекте, Ресейдегі инфляцияның күтілетін жеделдеуі және әлемдегі инфляциялық қысымның жоғарылауы аясында сыртқы инфляция аясы күшейеді деген болжам бар. Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша нысаналы бағдардан асып кету тәуекелі айтарлықтай өсті.
Геосаяси дағдарысқа байланысты Қазақстан экономикасы өсуінің бұрын болжанғаннан да төмен бағыты күтілуде. Экономиканың өсу қарқынына шикізат тауарларына жоғары бағалар, бюджет шығыстарының әлеуетті өсуі, сондай-ақ эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы ықпал етеді.
Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан былайғы шешімдер инфляция серпініне және инфляциялық күтулерге, геосаяси жағдайдың дамуына және оған қаржы нарықтарының ықпал етуіне байланысты болады.
Айта кетейік, ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылы 25 сәуірде Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024