Алматы. 25 қаңтар. 7kun.kz – Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 7kun.kz.
Бұған дейін 2016-2019 жылдар аралығында БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі кезең-кезеңімен 17%-дан 33%-ға дейін ұлғайтылды.
2022 жылдың қорытындысы бойынша, зейнетақы активтерінің өсуі жағдайында, оның ішінде инвестициялық кіріс есебінен БЖЗҚ портфеліндегі валюталық активтердің үлесі төмендеп, 28,4%-ды көрсетті. Зейнетақы активтерінің одан әрі күтілетін өсімін ескере отырып, БЖЗҚ портфеліндегі валюталық үлес 2023 жылдың соңына қарай 24,3%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
«Зейнетақы активтеріндегі валюталық үлестің күтілетін төмендеуін ескере отырып, Ұлттық Банк 2023 жылға дейін шетел валютасын кезең-кезеңімен сатып алуды жоспарлап отыр. Валюта позициясын 30% деңгейде ұстап тұру үшін шамамен 2 млрд АҚШ долларын сатып алу қажет болады», – делінген ҰБ хабарламасында.
Осынша мөлшердегі ақшаны сатып алу валюта нарығына айтарлықтай әсер етпейді, өйткені ол орташа тарихи мәндердің 6-7 пайызынан аспайды (KASE-дегі жылдық сауда көлемі 2022 жылдың аяғында 29,7 млрд болды). ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша шетел валютасын сатып алу бойынша бұл операциялар Қазақстан қор биржасының алаңында жыл бойы біркелкі қалыпта жүзеге асырылады.
«БЖЗҚ портфеліндегі шетел валютасын сатып алу зейнетақы активтері есебінен сатып алынатын инвестициялардың географиясы мен қаржы құралдарының ауқымын кеңейтуге бағытталғанын атап өткен дұрыс. Бұл инвестициялық портфельдің сапасын жақсартуға, оны әртараптандыруға, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада оның өтімділігі мен табыстылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024