Алматы. 21 қараша. 7kun.kz – ҚР Ұлттық Банкі номиналы 500 теңгелік «Дала қазынасы» монеталар сериясынан «Шаршы» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды, - деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
«Әрбір халықтың қолданбалы өнерінде өзіне тән ерекшелігі, ғасырлар бойы қалыптасқан өз өрнегі болады. Шаршы – халықтық ою-өрнек, ерекшелік белгісі, бізге ғасырлар қойнауынан жеткен графикалық код», -делінген хабарламада.
«Шаршы» монеталары туралы қысқаша ақпарат берсек. Монетаның бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ • REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Монетаның төменгі бөлігінде номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазба, жоғары бөлігінде соғылған жылы «2018» орналасқан. Сол және оң жақтан монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925» және «24g» деген жазбалар орналасқан. Айналдыра екі жазба – «ШАРШЫ» және рулық қазақ белгілерінен (таңба) алынған, монетаның латын транскрипциясындағы атауы – «SHARSHY» орналасқан.
Монетаның сырт жағындағы орталық бөлігінде алтындатылған ұлттық ою-өрнек және «ШАРШЫ» мен «SHARSHY» деген екі жазба орналасқан.
Монета төрт қырлы 31х31 мм, сондай-ақ 925 сынамалы күмістен жасалған, массасы – 24 грамм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 2 мың дана.
Номиналы 500 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
Коллекциялық монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.
«Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген», -делінген хабарламада.
Сонымен қатар, монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған.
Күміс монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Коллекциялық монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық аумақтық филиалдарында, сондай-ақ www.nationalbank.kz сайтының интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.