Жалпы халықаралық резервтер 31 наурызда 85,9 млрд долларды құрады. Бұл туралы ҰБ төрағасы Ғалымжан Пірматов хабарлады.
Ұлттық Банктің алтынвалюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейдегі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің төмендеуі есебінен 1,2 млрд долларға төмендеп, 33,2 млрд долларды құрады.
Сонымен қатар, Ұлттық қордың активтері 52,7 млрд доллар болды. Республикалық бюджетке 1 трлн 36 млрд теңге сомасында трансферттер бөлу үшін биылғы жылғы бірінші тоқсанда 2,1 млрд долларға валюталық активтер сатылды.
«Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында Ұлттық қорға түсімдер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 есеге ұлғайып, жыл басынан бері 1 трлн 59 млрд теңгені құрады, оның ішінде валюталық түсімдер 1,9 млрд долларды немесе 845 млрд теңгені құрады», – деді Пірматов.
Ұлттық қордың кірістілігі құрылғаннан бастап 31 наурызға дейін жылдық көрсеткіште 3,45% болады. Соңғы 5 және 10 жылдағы кірістілік жылдық көрсеткіште тиісінше 3,41% және 2,09% болды.