«Бәйтерек» холдингінің мұрындық болуымен «Бәсекеге қабілеттілік көшбасшылары - Ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасы басталды. Айта кетейік, бұл бірінші емес, 2015 жылы бастау алған бағдарлама араға уақыт салып, қайта қолға алынып отыр.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, халықаралық озық тәжірибелерді есепке ала отырып әзірленген бағдарламаның мақсаты – бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған және технологиялық өңдеуші өнеркәсіптерді құруға көмектесу.
[su_pullquote]Бағдарлама Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 62-ші қадамына сәйкес жүзеге асырылады.[/su_pullquote]
«Kazakhstan Project Preparation Fund» тарапынан техникалық экономикалық негіздеме жасау, Қазақстанның Даму Банкі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдікпен қаржыландырудың және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, сондай-ақ «Kazyna Capital Management»-тің үлестік қаржыландыруының құралдарын пайдалануы, сондай-ақ «KazakhExport» компаниясының қолдау шаралары сынды бірқатар кешенді жұмыстар осы бағдарламаның аясында жүргізілмек.
Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпорындар бірқатар критерийлерге жауап беруі тиіс. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне өтінім беру, штатта 100-ден астам адамның болуы және 300000 АЕК-тің жылдық кірісінің, экспортқа бағдарланған бағытының болуы, нарықта кемінде үш жыл болуы сынды талаптар бар. Бағдарламаның мерзімі бес жылды қамтуға тиіс. Оның ішінде үш жыл - жүзеге асыруға, екі жыл – мониторингке жұмсалады.
[su_pullquote]«Ұлттық чемпиондарды» анықтаудағы мақсат - кәсіпкерлікті қолдау және сол арқылы ел экономикасын көтеру екені баршаға мәлім. Бағдарлама аясында өз салаларында жетістікке жеткен көшбасшы компанияларға қолдау көрсетіледі.[/su_pullquote]
Бұл бағдарламаға неліктен үлкен үміт артылып отыр?
Экономиканың шикізаттық емес салаларындағы көшбасшы-компанияларға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан бағдарлама 2015 жылдың ақпан айында іске қосылды. Чемпион-компаниялар мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында динамикалық өсімнің драйверіне айналуы тиіс. Қазақстан аумағында ғана емес, шетелдік нарықта да табысты бәсекеге түсуі керек.
Расында «Ұлттық чемпиондар» бастамасы Қазақстан үшін жаңа дүние емес. Соңғы онжылдықта нақты көшбасшы-компанияларға қолдау көрсету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Белгілі болғандай, нәтижесі де сәтсіз болды. Мұнда сыртқы да, ішкі де факторлардың әсері болды. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыру механизмдері әртүрлі болғанымен, кемшілігі бағдарлама әкімшісі мен қолдау құралдары әкімшісі арасындағы біртұтас қолдаудың болмауында еді. Бір сөзбен айтқанда, компанияларды іріктеуді бір мемлекеттік орган бекітсе, ал қолдауды мүлдем басқа орган қамтамасыз ететін. Міне, осындай жайттар, бұған қоса 2008 жылы орын алған қаржылық дағдарыс «Ұлттық чемпиондар» бастамасының толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді.
«Бәйтерек» холдингі бұл жолы «Бәсекеге қабілеттілік көшбасшылары – Ұлттық чемпиондар» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, өткен жылдар қателігін ескере отырып, бастаманы жүзеге асыруға үлкен дайындықпен келді. Шетелдердегі ұқсас бағдарламалардың орындалуы да зерделенді.
Шетелдік сарапшылар аталмыш бағдарламаның қажеттілігі мен тиімділігі хақында түрлі пікірді ұстанады.
Жақтаушылар мемлекет міндетті түрде осындай «ұлттық чемпиондарды» қолдау керектігін айтып, олар экономикада синергиялық әсер беретінін алға тартады. Бұл сарапшылар Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және тағы да басқа елдердің тәжірибесіне сүйенеді.
Екінші жағынан, біреуді бөліп, мемлекеттің бар назарын сол компанияға аудару дұрыс емес деген де пікір бар. Сондықтан мемлекеттің күш-жігері бизнесті жүргізуге жағымды жағдай жасау, жаға нарықтарды қолжетімді ету, инфрақұрылымдарды жақсарту, ғылыми әлеуетті арттыруға жұмсалуы керек.
Әлбетте, әр пікірдің жаны бар. Ұлыбритания және Австралия сияқты елдер нарықтық механизмдерді анықталған компанияларды қолдамай-ақ жетілдіру арқылы салалық экономиканы дамытуға ерекше көңіл бөледі. В.Льюис, М.Портер зерттеулеріне сүйенсек мемлекет көшбасшы позициясына бәсекелік арқылы жетеді деген көзқарас анықталған.
Жақтаушылардың негізделген аргументтері мен себептері бар. Франция, Италия, Испания, Канада, Южная Корея, Малайзия, Сингапур сияқты елдерде «ұлттық чемпиондарды» қолдау экономикалық саясаттың құрамдас бөлігі саналады. Қытай мен Индия да бұл бағытта жұмысын бастады.
«Бәйтерек» холдингі осы елдердегі тәжірибені зерттеу-зерделеу жұмыстарының нәтижесінен кейін ғана бағдарламаны қайта қарқынмен бастағанын ұғынуға болады.
2015 жылы «Бәйтерек» аталмыш бағдарлама аясында 300 бәсекелестер арасынан 32 қарқынды дамып келе жатқан компанияны іріктеген болатын. Ол кездері іріктеу методологиясын McKinsey&Company консультанттары әзірлеген болатын. Соның негізінде табысының өсу ықтималдығы жоғары, экспорт-импорт көлемі, жалақысы жоғары жұмыс орнын ашу сынды аспектілер назарға алынған болатын. Сәйкесінше, үздіктерді анықтауда жылдық табысы 2 млрд долларды құрайтын, соңғы 3-5 жылдағы өсу динамикасы қарқынды, жұмысшы орны 200-ден кем емес болатын жеке меншік қазақстандық компанияларға басымдық берілді.
Биылғы жаңа тізім әлі дайын емес. Алайда оған артылар міндет көп, бірақ талаптар жұмсарған. Осы жолы өңдеуші кәсіпорындағы жұмысшылар саны 100-ден асса жеткілікті. Ал жылдық табысы 721,5 млн теңгеге жуық болуы қажет. Капитал құюдағы Қазақстан үлесі 51 пайыз, ал компания экспорт шығаруға бағытталған және нарықта кем дегенде үш жыл болғаны шарт. Талаптарды жұмсарту әлбетте, үміткерлер санын арттыра түсетіні мәлім. Үздіктердің жаңа тізіміне енген компаниялар 2015 жылғыдай мемлекетік қолдау пакетіне ие болмақ.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024