Атырау. 28 қараша. 7kun.kz - Атырауда азаматтық белсенділер, жер митингілерін ұйымдастырды деп айыпталған Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлайды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, судья Гүлнәр Дәулешова Макс Боқаевты "заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыптап, 5 жылға соттады. Судья осындай айыптар тағылған Талғат Аянға да 5 жыл түрме жазасын кесті. Сот сонымен бірге оларға үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде (бір АЕК - 2121 теңге) айыппұл салу туралы үкім кесті. Үкім бойынша, Боқаев пен Аян жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтеуі тиіс.
Соттың бұған дейінгі жарыссөзінде прокурорлар Қасым Садықов пен Марат Хабибуллин Боқаев пен Аянның тағылған айыптар бойынша "кінәлары толық дәлелденгенін" айтқан. Прокурор Макс Боқаевқа сегіз жыл бас бостандығынан айыруды, үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қою және 250 мың теңге айлық көрсеткіш есебінде айыппұл салуды сұраған. Мемлекеттік айыптаушылар Аянды да сегіз жылға соттауды, үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қоюды және 250 теңге айлық көрсеткіш есебінде айыппұл белгілеуді сұраған. Боқаев пен Аян өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ.
Белсенділердің адвокаты Жанаргүл Боқаева Азаттыққа сот үкіміне шағымданатындарын айтты.
Белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян Атырауда биыл сәуірдің 24-і күні үкіметтің жер реформасына қарсы өткен жаппай наразылық шеруінен кейін көп ұзамай тұтқындалған.
Кейіннен ҰҚК жер реформасына қарсы митингілерді шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов «қаржыландырды» деп мәлімдеді. Қазанның 12-сі күні басталған Атыраудағы сот процесінде «билікті күшпен басып алмақ болды» деп айыпталып, қамауда отырған бизнесмен Төлешов «Талғат Аянға ақша беріп жібергенін» баяндады.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024