Выбор редактора
Марғұлан Тұрсынов: Көрген адам қызығатындай, ерекше өнім шығарғым келеді
Марғұлан Тұрсынов, кәсіпкер, ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі ең ірі қазақстандық "За тебя, Бәке" паблигінің авторы. Makenzo атауымен қазақтың тарихи тұлғаларының суреті басылған футболкалар шығарады.
Марғұлан Тұрсыновтың "За тебя, Бәке" парақшасы алды қазақстандық интернет-сегментке, қала берді ВКонтакте қолданушыларына жақсы таныс. Хоббиін кәсіпкерлікке айналдыра алған ол қазір жаңа іспен - футболка шығарумен айналысып жатыр. 7kun.kz Марғұланмен жолығып, сұхбат құрған болатын.
- Марғұлан, кейбір digital-компаниялар 10-20 мың адамның басын қосып, соны жетістік деп, кейде, тіпті ұлы маркетингтік қадам деп хабарлап жатқанда, сіз алты жүз елу мыңнан астам адамы бар паблик құрдыңыз. «За тебя, Бәке» (ЗТБ) туралы айтып беріңізші, бәрі неден басталды? «За тебя, Бәкені» Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің үшінші курсында оқып жүргенде аштым. Ол кезде даму қарқыны әжептеуір болса да әлеуметтік желілер аса танымал емес еді. Сол жылдары саясатқа қатты қызықтым. Сейдіахмет Құттықадамның «Казахская драма» деген кітабын оқитынмын. Сол әсер етіп, пабликтың атауын басында «За тебя, Зәке. Казахская драма» деп қойдым. Ешқандай саяси мүдде болған жоқ, тек жалпы саясат туралы, саясаткерлердің өмірбаянын жазып қана жүрдім, осы тақырыпта мақалалар салып тұрдым. Зәке дегенім Заманбек Нұрқаділовқа арнағаным еді. Үш-төрт мыңдай ғана адам кіретін. Кейінірек, бәлкім жастық болар, мүмкін саясаттан шаршаған шығармын, мазмұнын өзгертіп, жастар туралы жазбалар, әзілдер сала бастадым. Атауын да «Мартини по-казахски» деп ауыстырдым. Біраздан соң, қолданушылар атауды өзгертуді сұраған соң, «За тебя, Бәке» деп уақытша атай тұруды шештім, ал «Казахская драма» дегенін қалдырдым. Ол кезде қазақстандық ВКонтакте қолданушылары көбінесе ресейлік, кавказдық парақшаларда отыратын. Маған қазақстандық пабликке жүз мың адам жинай алмайсың дегендер де болды. Мен оған осы ВКонтактеде парақшам жастардың жиналатын жері болды деп жауап бердім. Біздің пабликтің өзіне тән ерекшелігі болатын, саясат туралы да, жастарға арналған да жазбалар жариялап жүрдім. Кейінірек, теледидарға шыға бастадық, сұхбаттар бердім, оқырмандар саны да бірте-бірте артып, әуелі елу, кейін жүз мыңға жетті. ВКонтактемен шектеліп қалмауды шешіп, жеке сайт аштық, қазір Инстаграмды да қолданып жүрміз. - Өз сөзін сіздер арқылы жүргізгісі келген ықпалды топтар немесе шенеуніктер болды ма? Шыны керек, ондай шенеуніктер болған жоқ. Бірақ, кейбір кішігірім ұйымдар түрлі тақырып бойынша, мысалы, ұлтаралық қатынасқа байланысты жазбаларды жариялауда абайлауды өтінеді. Қадағалау жоқ, біраз жастар ақпаратқа сенгіш болғандықтан, осындай өтініштер болады. Жалпы алғанда мемлекеттік мекелермен серіктестігіміз бар, әкімдікпен бірлесіп шаралар өткіземіз. - Өзге де бірнеше жүз мың адам жинаған қазақстандық парақшалар бар, бірақ дәл ЗТБ секілді танымал емес секілді. Себебі неде? Командада. Соларға алғыс айтқым келеді, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Былай қарағанда, жұмысы оңай, жай ғана жаңалықтарды сала беруден ғана тұратын сияқты, бірақ артында білдей бір топ тұр, жобаның бір басына өз қиындықтары жетерлік. Елдің көңілінен шығу мәселесін, жастардың жазбамызды қабылдауын – бәрін талқылап жатамыз. Қазірше парақшаның өзінде бір дизайнер, үш редактор, ал сайтта екі редактор бар. - Жалпы неше ақпарат алаңы бар сіздерде? Инстаграмда жүз сексен мың қолданушы оқитын аккаунт бар. Күніне он мың адам кіретін жеке сайт жұмыс істеп тұр. - ЗТБ арқылы ақшаны қалай таба бастадыңыз? Басында бұл хоббиім болды. Жарнамадан ақша табам деп ойлаған жоқпын. Жаспыз, қыдырғымыз келді, киінгіміз келді, әке-шешемнен ақша алуға ұялдым, сөйтіп студенттік кезде мен тойларда фотограф болып жұмыс істеп жүрдім. Паблик бойынша ең бірінші тапсырыс беруші төртінші курстың басында келді. Жарнама қойғысы келгендерді Нархозға шақырамын, олар келіп, мені көріп таң қалады. Сірә, «Зәке» дегенге үлкен адамды елестететін болса керек. Қолыма бірінші ақша тиген соң, мотивациям да артты, тапсырыс та көбейді. Қазір негізінен жарнама агенттіктерімен жұмыс істеймін. - Бір сұхбаттарыңызда ЗТБ-ны сат деген ұсыныстар болды деп айтыпсыз. Ең көп ұсынылған ақша қанша еді? Ол құпия болып қалсын. Бірақ үш-төрт ұсыныс түсті. Басында біреуіне келіскендей болғанмын. Бірақ, олар атын ауыстырамыз, басқаша жасаймыз деген соң бас тарттым. Бағыты, тақырыбы қала берсін деп шештім. Өзімнің балам сияқты, өзім ашып, өзім көтердім, өзгерткім келмеді. Ақша келеді, кетеді, бірақ жобаны дамытуға жұмсаған күш-еңбегімді қимадым, оны ештеңге ауыстыра алмайсың. - Әлі есімде, қайбір кезде Facebook-те осы ЗТБ-ны бір қолданушылар талқылап жатты. Сол кезде кейбір жарнама ұйымдарының өкілдері «өліп жатқан паблик», жазылғандардың көбі боттар деп жазды. Осы туралы не айтасыз? Бізде боттар көп деп кінәлайды, ол көре алмаушылықтан шығар. Көбінесе жастар отырады ғой. Бот туралы айтқан адам қасыма келсінші, мен оған Қазақстаннан қанша адам кіретінін статистикадан көрсетейін. Боттар негізінен Ресейден, Беларуссия, Украинадан болады. Ал ЗТБ оқырмандарының 91%-ы біздің елден. 45%-ы Алматыдан, 15%-ы Астанадан, қалғаны басқа өңірлерден. Ал шетелдік деген 8-9%-дың өзі көбінесе шет елде оқып жатқан, сол жақта тұратын қазақстандық қолданушылар. Бізге қатысты осындай пікірдің неге айтылатынын білмедім, мұны дәлелсіз жала деп қабылдаймын. Күмәні болса, келсін, көрсетіп бере аламын. - Басқа елдің азаматтары отыра ма ЗТБ-да? Ресейліктер кездеседі. Түрікше жазатындарды көріп жатамын. Одан басқа байқамаппын. - Ресейлік аудитория қызығушылық таныта ма? Путиннің сөздерін немесе Қазақстан тарихы туралы салғанда ресейлік қолданушыларда белсенділік пайда болады. Жалпы, бізді көп кінәләп жатады, ұлтаралық араздық тудырады дейді. Олай емес. Біз факт жариялаймыз. Мысалы, ашаршылықты алайық. Ол тарихта болды ғой, оның жасыратын несі бар? Бірақ соған қатысты арандатушылар деп кінә тағады. - Осындай сөздердің кесірінен жарнама бермейміз деп серіктестіктен бас тартатындар бар ма? Жоқ, ондай болған жоқ, бірақ хабарласып, мән-жайды білгісі келген мекемелер болды. Мен оларға дұрыстап түсіндіріп, тарих, нақты дүниелер туралы жазатынымызды айттым. Мәселен, георгий лентасы туралы әңгіме болды. Ол – халықтың арасында көтеріліп жатқан мәселе. Ештеңе ойлап тапқан жоқпын. Ел шулап жатыр. Неге мен аузымды жауып тұруым керек?! - Сіздер жаңа ашылғандағы аудитория мен қазіргі аудиторияның айырмашылығы бар ма? Қалай өзгерді? Қазір жалпы ВКонтактеда ұрпақ ауысып жатыр ғой. Ал пікір жазу, ой білдіру деңгейі сол қалпы. Мыңдаған адам жазып жатады, анық білу қиын. ВКонтактені Инстаграм мен Whatsapp ығыстырды, жастар сол жаққа кетті. Бірақ, бәрібір, кіретін адам саны көбейген. Мысалы, бұрын күніне он бес мыңдай адам кіруші еді, қазір 35-40 мың адам кіреді. Ересек адамдар пайда болды. - Кейбір сарапшылар қазақтілді аудиторияның саны да, сапасы да өсіп келе жатыр деген пікір айтып жүр. Сіздер осы бағытта қандай іс атқарып жатырсыздар? Жарнама берушілерге тек қазақша беріңдер деп талап қоя алмаймын. Ол уақыт өте келе түзелетін болар. Тек алкоголь, наша өнімдері, бәс тігу, азарт ойындарға қатысты жарнама алудан бас тартамын. Ал өзіміздің контентке келсек... Біз қазақша салғымыз келеді. Тіпті мемлекеттік тілдегі материалдың аздығына қарамастан қазақша салып та көрдік. Алайда неге екені сол кезде пабликке кіретін оқырмандар саны азайып кетті, жазбалар аз лайк жинады, кейбір қазақтілді қолданушылар түсінбей жатты. Кінә бізден емес шығар. Әйтпесе, салғымыз-ақ келеді тұрақты түрде. Қазақ патриот қолданушылар бар, мемлекеттік тілде де контент көбейіп жатыр. Бірақ, дәл жастарды қызықтыратын, оларды баурап алатын дүние аз. Оның санын көбейтіп, сапасын арттыру үшін уақыт керек. - Қазақ тілінде не қызық қолданушыларға? Жақсы аударылған, сапалы әлеуметтік роликтер, нақыл сөздер қызықтырады. Мұқағали, Абай, Әуезовтің сөздерін фотоцитата түрінде береміз, жақсы қабылдайды. Кейде жеңілдетіп ұсынуға тура келеді, себебі аудитория терең мағыналы сөздерді түсінбей қалып жатады. - Makenzo деген атпен қазақтың тарихи тұлғаларының суреті бар футболка шығарып жүргеніңізге біраз болды? Неге футболка? Неге дәл осы тақырып? Бірде достармен кездесу кезінде Аль Пачиноның суреті салынған футболка көрдім. Ұнады. Кейінірек Түркияға бардым. Бір ер адам Ататүріктің суреті салынған футболка киіп алыпты. Алтын әріппен астына жазуы жазылған. Ерекше екен. Осындайды неге бізде жасамасқа деген ой келді. Мысалы, Абайдың, Әл-Фарабидің суретін алып. Жай ғана «Қазақтар!» деген секілді жалпылама, жауыр түрде емес. Айрықша сипатта, жарасымды дизайнымен. Сөйтіп жүрген кезде бір досым бірігіп патриоттық тақырыпта футболкалар сатуды ұсынды. Бірақ оның идеясы «Қазақстан», «Номад» деген жазуы бар киімнен аспады. Сосын мен оған одан да сауатты дизайн таңдап, арнайы суретші жалдап, батыстық үлгідегі, бірақ өзіміздің тұлғаларды салып, нарыққа футболкалар шығаруды ұсындым. Әрине,басында қиыншылықтар кездесті, киімнің сапасы нашар болды, бояуы оңып кетіп жүрді. Қазір Қытайдан екі принтер алып келдім, сапасын жақсарттық. Шыны керек, Makenzo тек шығын әкеліп отыр. Кейде өз шығынын өзі жабады, кейде ЗТБ қаражатын саламыз. Біраз саттық, әрине, шоу-бизнесте жүрген достарым жарнама жағынан көмектесті, жұлдыздарға сыйға тарттым. «Казахский стиль» дегеннен кейбіреулер ұялады, осы сипаттағы киім киюден намыстанады. Мен осы түсініктің өзгеруін қалаймын. Көрген адам қызығатындай, ерекше өнім шығарғым келеді. Шет елдегі жастарымыз кисе деймін. Қолымыздан келіп отырғаны қазір осы. Болашағы бар жоба деп ойлаймын. - Футболкалар қайда тігіледі? Қазақстанда тігіледі, этикеткасында Қазақстанда жасалған деген жазуы бар. Өндіріс мәселесін шештік, қазір тек сату жағы қиын болып тұр, инвестиция, көмек қажет. Өзіміз бутик ашқымыз келеді, бірақ тұрған жері өтімді, орталықтағы орындардың айлық жалға алу ақшасы – 200 мың доллар. Дүкенді қаланың шетінен алғымыз келмейді. Ал өзге сауда орындарына барып, киімді сатуға қояйық десек, сатушылар бас тартады. Біздің тақырыптан қорқа ма, әйтеуір, келісе алмадық. Ал бірақ футболканың өзін қатты ұнатады. - Қазір тек онлайн арқылы сатып жатырсыздар ма? Иә, тек онлайн. Оның да қиындықтары жетеді, мәселен, сатып алғысы келген адамға өлшемі келмей қалады, мекенжайын таппай қаласың. Қазақстанның алыс өңірлерінен тапсырыс беріп жатады, кейде, тіпті жеткізу құны футболканың өзінің бағасын асып кетеді. Қазір бүкіл Қазақстан емес, осы Алматының орталығынан бір жақсы дүкен ашсақ, қанағат дер едім. -Makenzo-ға қатысты үкімет, яки өзге кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық болды ма? Болған жоқ. Мен олардың алдына барған жоқпын, менен де кінә бар шығар. Өзімнің қаражатыммен алысқа бармаймын, үкіметтен көмек керегі керек. Біз қазір жылына көп болса мыңға жуық футболка басармыз, ал жобаны дамыту үшін осы уақыт ішінде он мыңға жуық футболка шығару қажет. - ЗТБ-ның жылдық айналымы қандай? Жылдығын есептемеппін. Айлығын айтпай-ақ қоясам деймін. ЗТБ-да қаражат жағынан қиыншылық жоқ. Табыстың елу пайызы өзіне кетеді: видеоматериал түсіреміз, сайттың шығындары бар, редакторларға жалақы төлейміз. Қалғанының жиырма-отыз пайызы Makenzo-ға кетеді. Одан артылғаны өзіме қалады. - Бизнес бастаймын, кәсіпкер боламын деген адамға не керек? Ең бастысы идея керек. Бір-екі жыл идеямен өмір сүру қажет, ақшаны қайда салуға болады, қайда барасың – осының бәрі содан кейін түсінікті болады. Одан кейін шығынды барынша азайту керек. Өзің кіргелі тұрған салаға анализ жүргізу, тәжірибе жинау қажет. Қаражат бәрін шеше бермейді. Өзіңнен биік тұрған, жаныңа жақын адамды тауып, сондай болуға ұмтыл. Оның істеген ісіне қара, киген киіміне қара. Сол деңгейге жет, тіпті одан асып түсемін деп алдыңа мақсат қой. - Қандай қиындық болуы мүмкін? Мотивация, ниет болса, ойыңдағы идеяны пісіріп, күні-түні соны дамытуды ойлап, соның соңына түссең, қиындық көрмейсің. Бұған қоса серіктесің, бірігіп іс бастаған адамың сенімен идеялас болуы қажет. Сонда қаржы да табылады, басқа да болады.Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024