Жаңалықтар
Марко Рубио жұбайымен және америкалық бизнес өкілдерімен бірге Өзбекстанға келді
Халықаралық әуежайда мемлекеттік хатшыны Саида Мирзиёева, Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов, АҚШ президентінің арнайы өкілі Сержио Гор және елші Джонатан Хеник қарсы алды.
«АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы тарихи Самарқандта қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл — оның Орталық Азияға алғашқы сапары», — деп жазды Мирзиёева әлеуметтік желіде. Оның хабарлауынша, сапар бағдарламасына C5+1 форматындағы келіссөздер, бизнес өкілдерімен кездесулер және Америка–Өзбекстан іскерлік және инвестициялық кеңесінің отырысы енгізілген.
19 қазанда Рубио АҚШ, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанды біріктіретін C5+1 форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты. АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, мемлекеттік хатшымен бірге америкалық бизнестің 200-ден астам өкілі келген.
Сонымен қатар Самарқандта 400-ден астам компанияның өкілдері қатысатын іскерлік бағдарлама басталды. Олардың арасында 100-ден астам америкалық компания бар. Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрлігінің хабарлауынша, күн тәртібіне цифрлық технологиялар, энергетика, көлік, минералдық ресурстарды өндіру, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және қаржы мәселелері енгізілген.
Сапар аясында Рубио Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен де кездесті. Тараптар сауда, инвестиция, қауіпсіздік және технология саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі іскерлік және инвестициялық кеңестің отырысына жалпы құны шамамен 12 млрд доллар болатын 54 уағдаластық пен перспективалы бастамадан тұратын пакет әзірленгенін хабарлады. Басым бағыттар қатарында аса маңызды минералдарды өңдеу, энергетика, деректерді өңдеу орталықтары және жасанды интеллект аталды. Бастамаларды жүзеге асыру үшін іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отыр.
Рубионың шетелдік сапары 17–22 қазан аралығына жоспарланған. АҚШ Мемлекеттік департаменті жариялаған бағдарламаға Самарқандтан бөлек Үндістанның Мумбай және Джамнагар қалалары да енгізілген.





