Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдауында да, соңғы Жолдауда да еліміздегі автомобиль жолдарының сапасына ерекше тоқталып, ескертуін жасап, қатқыл сындар айтты. Жол құрылысының сапасы төмен екенін, жол салу жұмыстарына белгіленген уақытта аяқталмай халықты әуреге салатынын қозғады. Кез келген мемлекеттің даму индексіне жол сапасы да әсер етені бар. Айтылған сынның басым бөлігі Қазақстанның Индустрия және ииновациялық даму министрлігіне тиеді. Алайда аталған министрлік жол сапасын үнемі қадағалап, бақылауда ұстайтын арнайы мекемені үш жыл бұрын құрып, ілгері істерді атқарып жатыр. Министрлікке қарасты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мемлекеттік мекемесінің әр өңірде филиалы бар.
7kun.kz ең ірі мегаполис Алматы қаласындағы филиал директоры Мәулен Әліповтен мекеме жұмысының ерекшелігін, атқарып жатқан шаруалар жайлы толығырақ мәлімет алды.
- Мәулен Тоқтарбайұлы, жол тақырыбы еліміздегі ең жиі қозғалатын, халық ең көп сын айтатын мәселенің бірі екені даусыз. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» қалай құрылған еді? Жалпы мекеменің басты мақсаты мен міндеттері қандай?
– «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорын (РМК) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 наурыздағы №131 қаулысы негізінде құрылды және 2019 жылғы 23 мамырда заңды тұлға ретінде тіркелген. Кәсіпорын 16 «ОблЖолЗертхана» Республикалық мемлекеттік мекемені (РММ) біріктіру арқылы құрылған еді. Біздің қызметіміздің мақсаты - жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау. Егер бұрын аймақтық зертханалар республикалық жолдардың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерімен күрессе, қазір құрылған орталық барлық жалпыға ортақ жолдарды, соның ішінде жергілікті жолдарды тұтас қамтиды.
– Алматы қаласының жолдары өзге аймақтармен салыстырғанда көш ілгері. Оны сіз берген сұқбаттардан да, жыл сайынғы әкімдік есептерінен де байқаймыз. Оның себебі сіздердің орталықтың жұмыс нәтижесі ме әлде қала басшылығы жол сапасына ерекше көңіл бөле ме?
– Мемлекет басшысының «шетсіз қала» деген тапсырмасы бойынша қаламызда орасан-зор жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда жол сапасы 85% құрайды. Сол жұмыстардың сапалы болуына біздің орталық тікелей ат салысып жатыр. Алматыда 3100 шақырымдай жол біздің бақылауымызда. Жолдың сапалы болуының бір себебі – біздің қызметкерлер анықтаған кемшіліктер дер кезінде жөнделіп, олқылық реттеледі. Жолға жауапты мердігер компанияға кемшілікті түзетуге уақыт беріледі. Екінші мәрте тексеріп, ескертудің дұрысталғанын қадағалаймыз.
– Жол салуда уақыт өткен сайын жаңа технологиялар, тың әдістер, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар пайда болады. Сіз басқаратын мекеме сол жаңалықтарды қалай пайдаланып, қалай жүзеге асыруда?
– Біздің Орталық кешенді автоматтандыру жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Зертханаларымыз цифрландырылып, сараптау нәтижелері ортақ базаға түсіп отырады, яғни сараптау кезінде адам факторы болмайды. Онымен қоса, жылжымалы жол зертханасы бар, сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүріп отырып жолдың ақауларын анықтап отырады. Бұл, расында, жаңа технология.
– Ұлттық сапа орталығы өзге мекемелермен салыстырғанда кейіннен пайда болды? Әкімдіктермен, мердігерлермен, қадағалаушы органмен жұмыс істеуде кедергілер кездесе ме?
– Орталықтың қаржыландыруы жергілікті атқару органынан болғандықтан, біз келісім-шартты Алматы қалалық мобильдік басқармасымен жасаймыз. Қалалық жол желілерін салу осы басқарманың құзырына кіреді. Ал жолды кесіп өту (жер асты коммуникацияларына жөндеу жұмыстары жүрген кезде), ауданаралық жолдар басқа басқармаларға қарасты. Ол басқармалармен келісім-шарт жоқ. Себебі де белгісіз.
– Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жұмысына жастардың қызығушылығы қандай? Оқу орындарының түлектері мекемелеріңізге жиі келе ме? Орталықтың 5-10 жылдан кейінгі әлеуетін қалай елестетесіз?
– Орталықта «2000 мектеп» атты бағдарлама бар, соның аясында мектептерді аралап 9-10 сынып оқушыларына жолшы мамандығының мәртебесі туралы кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізіп жүрген жайымыз бар. Ол жұмыстар жыл бойы жалғасады. Елімізде 7000-ға жуық мектеп бар екен, соның бәрін қамтысақ деген жоспар бар. Әр өткізген дәрістен кейін оқушылар қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойып жатады. Жол саласының мамандарын даярлайтын тиісті оқу орындарына түсіп те жатыр. Алдағы 5-10 жылда біздің Орталық елде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де қызмет көрсетеді деген сенімдемін.
– Арнайы уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
Сұқбаттасқан журналист Нұрқанат Атажан
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024