Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Мейірбек ЖҰМАБЕКОВ: Бізге бизнес тренерлер керек

Мейірбек ЖҰМАБЕКОВ:  Бізге бизнес тренерлер керек

Жас кәсіпкер Мейірбек Жұмабеков «Barracuda» бокс клубы, «Жеке бизнес» кәсіпкерлік мектебі, «Слон» компаниясының басшысы. Оның бизнес тарихы өте қызық. Дағдарыс кезінде бокс клубын ашқан. «Слон» компаниясы 2 сағатта құрылып, екінші күні табыс әкеле бастаған. «Кәсіпкерлік мектебін» елімізде бизнес тренерлер жоқ болғандықтан құрдым дейді.

-Бизнестегі алғашқы қадамыңыз «Барракуда» спорт клубы қалай дүниеге келді? Оған спортқа деген махаббатыңыз себепші ме? Әлде негізгі мақсатыңыз қандай да бір бизнес көзін ашу ма? -Әр адамның сүйікті ісі болады. Ол бизнесте де солай. Ұнамайтын дүниемен ұзаққа бара алмайсыз. Мәселен бір жобаны бастап алып, біраз уақыт жүруіңіз мүмкін. Кейін ол іс көңіліңізден шықпаса, тастап кете бересіз. Менің спорт клубын ашуыма, бірінші кезекте, осы хобби әсер етті. Яғни ұнайтын дүниемен айналыса отырып, одан пайда табу – екі есе бақыт сыйлайды. Егер мен бокс клубын тек бизнес көзі ету үшін ашқан болсам, бір жылдан кейін бұл жабылып қалар еді. Себебі жұмыс бірден жүре қоймайды. Біз өте бір қиын кезеңде бастаған екенбіз. Жаз айында балалардың барлығы демалыста, жұмыстың алға басуы бәсең болды. Тіпті әке-шешем «неге жұмысыңнан шығып кеттің» деп біршама уақыт ұрсып та жүрді. Бірақ бір іске деген шынайы махаббатың болса, бәріне де шыдайды екенсің. -Дағдарыс жағдайына қарамастан халықтың спортпен айналысу қарқыны азаймады ма? -Дағдарыс әсер еткен жоқ десем, өтірік болар. Келушілердің санында өзгерістер бар. Бұрын қызық үшін келіп, жазылатындар көп еді. Адам өзі ақшасы болса, неғұрлым жақсы өмір сүргісі келеді ғой. Әдемі киініп, өзін жақсы формада ұстауға ұмтылады. Осы дағдарыстың арқасында адамдар қаражатын ойланып жұмсауға үйренді. Бұрынғыдай бекер желге шашу азайды. Мына кризистің қанша уақытқа созыларын білмейді. Көпшілігі ақшасын артқа алып қойып отыр. Мен сізге кризистің бір жақсы тұсын айтайын. Бұл дағдарыстың болғаны да жақсы деп ойлаймын. Себебі бұрын бітіре алмай жүрген көп шаруаларымды бірыңғайладым. Кризис өзі фильтр жасалатын кезең. Кім жақсы еңбек етеді – сол қалады. Әлсіздері көшке ілесе алмаған күйі қалып кетеді. Осы тұрғыдан алғанда дағдарыс келіп, менің бизнесіме зиянын тигізді демеймін. Иә, пайда жағынан ұтылған шығармыз. Бірақ маңыздысы ол емес. -Нақтырақ айтқанда, бұрын айына қанша адам жазылатын, қазір оның көлемі қандай? -Алматыда бізде бірнеше залдарымыз бар. Олардың әрқайсында жазылушылар саны әр түрлі. Мысалы бірінші зал туралы айтайын. Бұрын орта есеппен айына 95-ке жуық адам жазылатын. Қазір 50-60 адам келіп жүр. -Байқауымызша, мақсатта аудитория жинаудың қыр-сырын біраз меңгергенге ұқсайсыз. Маркетингпен жұмыс қалай жүргізіледі? -Негізгі стратегияны өзім құрастырамын. Ал маркетингпен айналысатын бөлек мамандар бар еді. Бас маркетолог мықты болатын. Бірақ қазіргі дағдарыс жағдайына байланысты қысқарту жүргіздік. Бүгінде бәрін өзім жасаймын. Бизнесті бастауын бастап алып, әрі қарай не істерімді білмей сандалғаным бар. Содан курстар оқып, білімімді жетілдірдім. Бүгінде кәсіпкерлік мектеп ашуыма бір себеп осы болды. -Спортты бизнес көзі деп көруге бола ма? -Сөзсіз, бизнес көзі бола алады. Бірақ бұрын-соңды спортқа қатысы болмаған адам үшін бұл сала қиындау. Өйткені халықтың дені бизнес ашқан бойда табыс тапсам дейді. Ал мұнда қалай? Ақша бірден ақтала қоймайды. Шыдамдылық, ерекше махаббат керек. -Яғни бизнес бастау үшін сол саланың майын ішу керек дейсіз ғой? -Әрине. Мен өзі ашқалы отырған бизнесінде бұрын-соңды тәжірибесі жоқ адамдарға мемлекеттік гранттардың берілуіне қарсы адаммын. Айталық сіз бизнес ашқалы отырсыз, бірақ ол саладан мүлдем бейхабарсыз. Сізге жеңілдік бермеу керек. Себебі ақшаны алған соң, сіз оны дұрыс жарату жолын білмей, бекер ақша шашуыңыз мүмкін. Тіпті сізді грантсыз қалдырса, рахмет ацтқаныңыз жөн. Сол саладан хабары бар адам алса, бизнесті дамытуға күші жетеді. Жұмысқа кімді алу керек, қандай жабдық алу керек секілді ұсақ дүниелердің өзін ойланып жасайды. Мұны мен өзімнен білемін. -Бизнес десе, тап-тұйнақтай жоспар көзге елестейді. Бизнес-жоспарыңызды қалай құрасыз? Бірі бір жылға жасаса, енді бірі алдағы бес жылдықтың өзін есептеп қояды. -Мен алдағы 5жылға жоспарлар құрамын. Ал негігінен айлық, тоқсандық, жарты жылдық және жылдық жоспарлар бар. Мысалы 2014 жылы жасаған жоспарым бойынша жұмыс істеп жатырмын. Бес жылдық біткен соң, келесі кезеңге өте бастаймыз. -Спорт клубтан басқа қандай кәсіппен айналысасыз? -Спорт клубан бөлек екі бизнес бастадым. Бірі «Слон» компаниясы. Яғни жер үйлерге ассенизаторлық қызметтер ұсынамыз. Бұл тек пайда табу мақсатында ашылған компания.Бір танысым идея тастады. Ұзақ ойланбастан екі сағаттың ішінде дайын шаблонмен сайт жасап, жарнама беріп қойдық. Келесі күнінде-ақ тапсырыстар түсе бастады. Бүгінде бұл бизнесті басқаларға тапсырдым. Себебі аталған салада менің қызығушылығым жоқ. Ал келесі бизнес жобам өзіме өте ұнайды. Осы 2016 жылдың ақпан айында бастадық. Бұл ой қайдан келді десеңіз, айтайын. Өзім бизнес бастағалы бірнеше туыстарым мен достарыма кеңес беріп, қолдау білдіріп жүрдім. Содан олар осы білгеніңмен бізбен ғана бөлісе бермей, басқаларға да үйретсең қайтеді деген ұсыныс айтты. Қарап отырсам, осы уақытқа дейін оқу курстарына 870 мың теңгедей құртыппын. Ойлана келе достарымның кеңесіне құлақ асып, осы жобаны қолға алдық. Мендегі мақсат – ай сайын миллион теңге табыс табатын 20 кәсіпкерді дайындап шығару. Қазақтар кәсіп үйренгісі келеді. Бірақ курстар жоқтың қасы. Өзім орысша курстар оқыдым, ол жерде өзіңді толықтай көрсете алмайсың, қысыласың. Ал қазақша орталықтар ашылса, дамуға бұл да септігін тигізер еді.  13282667_273538329700691_1455106127_o -Яғни «Барракуда» клубы толық қалыптасқан соң барып өзге кәсіптеріңізді бастадыңыз ба? -Тәжірибе жинап барып бастадым. Бірінші бокс клубын бір жолға қойдым. Одан «Слонды» аштық. Шыны керек, мен бизнестің көптеген түрлерімен айналысып көрдім. Ішінде сәттісі бар, сәтсізі бар. Уақыт өзі іріктеп, реттеп қояды. Соңында ойлана келе маған бір мезгілде үш жобаны алып жүрген дұрыс деген шешімге келдім. Басқаларын қойып, осы үшеуімен айналысып жатырмын. -Алматыда қандай кәсіп түрлерімен айналысқан жөн? -Негізі аймаққа бөлудің қажеті жоқ. Бәрі адамның өзіне байланысты. Себепті, бизнес идеяны сырттан іздемеу керек. Бірінші өзімнің қолымнан не келедідеген сауалға жауап беріңіз. Мысалы бізде курста бір мезетте үш адам бірдей жобаны бастауға ниет білдіреді. Біз барлығына бірдей ақпарат береміз. Нәтиже – үш түрлі. Әркім өзінің шеберлігіне, біліктілігіне байланысты жұмыс атқарады. -Осыған дейін жүргізген тегін, ақылы курстарыңызға талдау жасайсыз ба? Нәтижесі қандай? -Міндетті түрде мониторинг жүргіземіз. Себебі жасаған жұмыстың тиімділігін байқамасқа тағы болмайды. Мәселен курс ашылған 3 ай ішінде 12 компания дүниеге келді.. Ал тегін мастер-класстарымыздың арқасында 2 адам бизнесін бастады. -Қазақстанда бизнес тренерлер қаншалықты қалыптасқан? -Қазақстанға бизнес тренерлер керек. Қажеттілік өте жоғары. Бірақ өкінішке орай, олардың саны аз ғана. Мен жеке танитын, мойындайтын мамандардың бірі – Ахметбек Нұрсила ағамыз. Ол кісінің нұсқауымен жасалған жобалар жақсы аяққа тұрып кетіп жатыр. Басқа қазақ тренелерден ешкімді атай алмаймын. Бәрі енді шығып жатыр. Болашақта саны көбейеді деп сеніммен айта аламын. -Сіз еш несиесіз кәсіп бастаған адамсыз. Бүгінде орта және шағын бизнеске арналған мемлекеттік бағдарламалар, байқаулар көп. Олар қаншалықты тиімді деп ойлайсыз? -Жеке басым мемлекеттік байқауға қатысқан адам емеспін. Бірақ бірлесіп жұмыс істеп көрдік. Өте жақсы жобалар бар. Ал тиімділігі жөнінде айтар болсам, бұрын тәжірибесі бар адамдарға берсе деймін. Бизнес бір жылдан кейін тоқтап қалады-ау деген қауіп болса, қажеті қанша? Сол себепті гранттар бөлетін кезде, зерттеп көрген дұрыс.

Жадыра АҚҚАЙЫР

НұрбақытХАЛИ "7"

Похожие материалы