Миллиардерлердің жоғары білімі жоқ екеніне бүгінде ешкім таң қалмайды. Билл Гейтс, Стив Джобс, Марк Цукерберг – бұлардың бәрі бизнес үшін әлемнің үздік университеттерін тастап кеткен. Тіпті мектепті аяқтамағандары да бар. Назарларыңызға аттестатсыз байлықтың тізгінін ұстаған жетеуді ұсынамыз.
Амансио Ортега - Inditex негізін құрушы
[caption id="attachment_57279" align="alignnone" width="847"] Фото:24smi.org[/caption]Дәулеті: $57 миллиард
Forbes миллиардерлер тізіміндегі орны: 3
Испан кәсіпкері Амансио Ортега - Forbes версиясы бойынша әлемнің ең бай адамдарының қатарында. 2013 жылы табысы 19,5 миллиард долларға асқаннан кейін, планетаның ең бай үштігіне енді. Zara, Mussimo Dutti, Oysho секілді брендтердің иегері мектепті 13 жасында оқуын тастап кетіпті. Оның әкесі темір жолда қызмет істеген, ал шешесі үй көмекшісі болған. Сондықтан отбасында әрдайым ақша тапшылығы болған. Тұрмысын жақсарту үшін жұбайы екеуі жаймалар, әйелдер киімін тігіп сатады. Нәтижесінде қазір барша әлемге танымал әйелдер брендінің негізін қалайды.
Ли Кашин - Cheung Kong Group компаниясының басшысы
[caption id="attachment_57280" align="alignnone" width="750"] Фото:VC.ru[/caption]Дәулеті: $31 млрд
Forbes миллиардерлер тізіміндегі орны: 8
Азияның ең дәулетті адамдарының бірі кедей оқытушы отбасында дүниеге келген. Ли Кашин 14 жасқа келгенде оның әкесі туберкулезден көз жұмады. Соның салдарынан мектептен кетіп, өзіне жұмыс табуға мәжбүр болған. Алғашында сағат бауын сатып, ал кейінірек пластмассадан жасалған гүлдер жасайтын фабрикаға жұмысқа орналасады.
Ли Кашин күніне 16 сағаттан еңбектенген, 7 жыл ішінде жеке ісімен айналысуға қажетті ақша жинап үлгереді. Оның жинаған ақшасы пластик өндірумен айналысатын шағын зауыт ашуға жетеді. Ал тапқан табысына Гонконгте арзан жылжымайтын мүліктерді сатып ала бастайды. Айта кетерлік бір жайт, Ли Кашин жүйелі білімнің арқасында миллиардер атанбаса да, жоғары оқу орындарының қайырымдылық қорына көмек ретінде миллиондаған доллар бөліп отырады екен.
Франсуа Пино - Kering компаниясының басшысы
[caption id="attachment_57282" align="alignnone" width="900"] Фото:ceo.ru[/caption]Дәулеті: $15 млрд
Forbes миллиардерлер тізіміндегі орны: 53
Бір жолы Франсуа Пино өзінде бар оқу жайлы жалғыз куәлік – ол жүргізу куәлігі екенін айтыпты. Француз миллиардеррі 16 жасында мектепті тастап кеткен және осыдан соң білімін жетілдіру жайлы еш ойланбаған. Оның алғашқы компаниясы Pinault group ағаш сату бойынша жұмыс істеген. Кейінірек спорттық киім мен иіссу өндірісін, қант пен дизайнерлік сөмкелер сатумен де айналысқан. Бүгінде ол Gucci маркасының, Christie’s аукцион үйінің, Chateau-Latour жүзім бағының және Париждегі Marigny театрының иесі.
Ричард Брэнсон - Virgin Group корпорациясының иегері
[caption id="attachment_57283" align="alignnone" width="1000"] Фото:peoples.ru[/caption]Дәулеті: $4,6 млрд
Forbes миллиардерлер тізіміндегі орны: 272
Ричард Брэнсонды 16 жасында оқу үлгерімі төмен болғандықтан оқудан шығарған. Бір қызығы, мектеп директорының Ричардқа айтқан соңғы сөздерінің бірі «Қош бол, Ричард. Сен не түрмеге түсесің, не байып кетерсің» болған екен. Алғашқы табысты бизнесі - Джон Леннон, Мик Джаггер тәрізді жұлдыздар басылған Student журналы. Ал бір жылдан кейін 17 жасында Student Advisory Centre атты қайырымдылық ұйымын ашты. Қазір ол басқаратын Virgin Group корпорациясының құрамында түрлі профильде жұмыс істейтін 400 компания бар.
Джо Льюис - Tavistock Group негізін салушы
[caption id="attachment_57285" align="alignnone" width="600"] Фото:kursiv.kz[/caption]Дәулеті: $4,2 млрд
Forbes миллиардерлер тізіміндегі орны: 308
Британдық Джо Льюис Лондонның шығысында өскен. Оның әкесі шағын фирманың иегері болған және ұлы 15 жасқа келгенде оны өз ісіне араластыруды шешіпті. Осылайша Джо мектеп оқулықтарын шетке ығыстырып, әкесінің ісіне араласып кетіпті. Бүгінде Льюисте 150-ден астам компаниядан үлесі бар және 135 ресторан мен «Тоттенхэм Хотспур» футбол клубының иегері.
Кирк Керкорян - Tracinda Corporation президенті
[caption id="attachment_57286" align="alignnone" width="1000"] Фото:dlmn.info[/caption]Дәулеті: $3,3 млрд
Forbes миллиардерлер тізіміндегі орны: 412
Американдық азамат Кирк Керкорян сегізінші сыныпта оқып жүрген кезінде мектепті тастап кеткен. Ағасының көмегімен ол бокспен белсенді түрде айналыса бастайды және спортшы болуды армандайды. Дегенмен, Киркке кәсіби спортпен айналысу сол күйі бұйырмайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол авиацияға қызығушылық танытып, Корольдік әуе күштері қызметіне түседі. Болашақ миллиардер шағын әуежелісін сатып алып, осы сала бойынша кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады. Осы саладағы ірі компаниялармен келісім-шарттар жасап, 5 жыл ішінде 37 млн доллар табады.
Дэвид Мердок - Dole Food Company басшысы
[caption id="attachment_57287" align="alignnone" width="1000"] Фото:Hyser[/caption]Дәулеті: $2,4 млрд
Forbes миллиардерлер тізіміндегі орны: 613
Дэвид Мердок жеміс пен көкөніс өндіру бойынша әлемдегі ең ірі компанияны басқарғанына қарамастан, оның бірінші жұмысы азық-түлікке мүлдем қатысы болмаған. Тоғызыншы сыныпта мектепті тастағаннан соң ол жанармай құюшы болып қызмет атқарады, ал 1943 жылы АҚШ әскеріне жазылады. Соғыстан соң Мердок Детройтте тұрақтауды шешеді және сол кезде оның басында баспанасы, қалтасында ақшасы да болмаған екен.
Жазира Самидинова "7"