Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанда жаңа үш облыс құрылады

Қазақстанда жаңа үш облыс құрылады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құруды ұсынды, деп хабарлайды 7kun.kz.

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасады.

Қазақстан халқына Жолдауында Президент Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды.

"Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған", - деді Тоқаев.

Ал Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы құрылады.

"Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім", - деді Президент.

Алматы облысы екіге бөлініп, Жетісу және Алматы облыстары құрылады.

 «Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент Қапшағай қаласының атауын Дінмұхамед Қонаев деп өзгертуге қолдау көрсетуге әзір екендігін мәлімдеді.

"Біз ұлан ғайыр жерімізді ұлы тұлғаларымыздың есімімен ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мысалы Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсынса, мен бұл пікірге қосыламын", - деді Президент.

Тоқаев жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар екендігін айтты.

"Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз", – деді Мемлекет басшысы.

Похожие материалы