Елімізде стратегиялық маңызы зор құрылыс нысандарын салу тоқтаған емес. Соның бірі мақсатты түрде қолға алынып, сәтті жүзеген Мойнақ су электр стансасы. Бұл жер астын ұңғылау әдісімен жасалған су электр стансасының құрылысы 1985 жылы Кеңестер Одағының тұсында басталып, Одақ тараған соң тоқтап қалған еді.
Кезінде сол құрылыста еңбек еткен білікті маман, Қазақ КСР Құрметті құрылысшысы Стахан Белгожаев секілді ел ағаларының ізденіп, ұсыныс жасауы негізінде құрылысқа қайта жан бітті. 2005 жылғы 21 қарашада «Мойнақ су электр стансасының құрылысы» туралы Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. 2006 жылы қолға алынған құрылыс қарқынмен жүріп, 2012 жылғы сәуір айынан бастап іске қосылды. Елбасы Алматы облысына жұмыс сапарымен барғанда Мойнақ ГЭС-інде болып, екінші су агрегатын іске қосты.
Мойнақ ГЭС-інің теңіз деңгейінен биіктігі Шарын өзені жағасымен салыстырғанда кәдімгі 5 қабатты үйдей еңселі. Дәлірегі, «Бестөбе» су қоймасына жиналып, 16 шақырымға созылатын көл табанынан ағып келетін су 500 метрлік биіктіктен құлай сарқырайды. Бұл жердегі құрылыстың аса ауыр бөлігі болып саналған бөлік – жер астынан өтетін 9 шақырымдық туннель. Жиналған су осы 9 шақырымдық жер асты жолымен арындап келеді де, 500 метр биіктіктен құлай сарқырап жатыр. Арынды су арнаға бекітілген 2 су агрегатын шыркөбелек айналдырып, іске қосады. Нәтижесінде 300 мВт қуат көзі пайда болады. Бұл құрылыстың кепілді мерзімі 100 жылға есептелген. Тіпті, 9 балдық жер сілкінісіне төзімді.
Мойнақ су электр стансасындағы 2 су агрегатынан жылына 1,027 млрд кВт сағат электр энергиясы өндіріледі. Жобаны іске қосуға жалпы 54, 1 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Өндірілген энергияны сатудан 1,790 миллион теңге түсім түседі деп болжанған
Мойнақ ГЭС-і бас инженерінің орынбасары Нәби Серікбаев: «ГЭС-тегі 2 су агрегаты іске қосылғалы бері 452 миллион квт. сағат электр қуаты өндірілді. Бұл Отанымыздың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған үлкен үлес» дегенді айтады.
Жылдық қуат артып келеді
«Мойнақ» 5 жыл ішінде 5 млрд Квт-тан аса қуат өндіріп, жергілікті бюджетке 500 миллион теңгеге жуық қаражат түсірген. Алматы қаласы мен Алматы облысына ток көзін тарататын станса қуатын әлі де арттырмақ. Қазірдің өзінде оңтүстік өңірді электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Мойнақ су электр стансасының жылдық қуаты 1 млрд кВт/с құрайды. 127 адамды жұмыспен қамтып отырған станса басшылығы «мұның бәрі – ұжымдық еңбектің жемісі» дейді.
«Мойнақ СЭС» басқарма төрағасы Абай Асылов: «Жылына орташа есеппен 1 млрд кВт электр энергиясы өндірілуде. Электр энергиясын өндіру қуаты 300 мВт құрайды. Осы ретте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және «Самұрық Энерго» АҚ қолдауы бізге ерекше. Бестөбе су қоймасынан станцияға созылған су жолының да ерекшелігі бар. Яғни 500 метр жоғарыда орналасқан қоймадағы суды тау ішін жара 9 шақырымнан аса қашықтықтан, биіктігі 5 метрлік құбырмен жеткізеді. Бұл су үнемділігіне септігін тигізіп, сапалы энергия көзін алуға мүмкіндік береді» дейді.
Жаңа атауға ие болды
Биыл Мойнақ су электр стансасы жаңа атауға ие болды. Мойнақ СЭС-іне осы стансаның алғашқы басшысы, кезінде нысан құрылысына жетекшілік жасап, республиканың энергетика саласындағы маңызды жобасының іске асырылуына өлшеусіз үлес қосқан Оразалы Қантаевтың есімі берілді. Мойнақ СЭС-інің атын өзгертіп, онда О.Қантаевтың есімін ұлықтау туралы бастаманы Қазақстанның ардагер-энергетиктерінің кеңесі көтерген болатын. Өтініш Энергетика министрлігі тарапынан қолдау тауып, «Самұрық-Энерго» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен бекітілді.
Ұлттық компания қуаттылығы 300 МВт болатын Мойнақ СЭС-і Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында және Қазақстан Электр энергетикасының 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасына сәйкес бой көтергенін еске салады. Бұл нысан – бүгінде Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының, яғни Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының электр қуатына деген тапшылығын азайтуға, ең жоғары жүктемелерді жабуға, энергия жүйесіндегі қуатты реттеуге қатысты міндеттерді табысты шешіп отырған серпінді жоба. Кәсіпорынның жоба бойынша орташа жылдық электр энергиясын өндіру көлемі – 1,027 млрд кВт/с. 2018 жылдың 7 айында бұл СЭС 649 миллион кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Тұтастай алғанда, екінші энергоблок 2012 жылы пайдалануға берілген сәттен бастап, гидроэлектрстансасы шамамен 5,9 млрд кВт/сағатқа жуық электр қуатын ел игілігіне тапсырды.
Ұқсата білгенге су – тек тіршілік көзі ғана емес, сондай-ақ арзан қуат көзі де. Осы орайда қолға алынған Қазақстанның энергетика саласындағы ең ауқымды жобаларының бірі, әрі бірегейі – Мойнақ су электр станциясы экологиялық таза электр энергиясын өндіріп келеді.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024