Экономика
Н.Назарбаев ҚР Парламенті Мәжілісін тарату туралы Қаулыға қол қойды
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Қаулыға қол қойды деп хабарлайды, Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, 63-бабының 1-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 85-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі таратылсын.
2. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалсын.
3. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 21 наурызға тағайындалсын.
4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын дайындауды және өткізуді ұйымдастырсын.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын.
6. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, деп жазылған хабарламада.