Н.Назарбаев: Батыс Еуропа-Батыс Қытай трассасының құрылысы осы жылы аяқталады
Қазақстан өз аумағындағы Батыс Еуропа-Батыс Қытай автотрассасының құрылысын аяқтауға жақын және эстафетаны Ресей Федерациясы мен Орта Азия елдеріне береді.
"Қытай мен Ресей арасындағы ұзындығы 2700 шақырым болатын, ең заманауи автобан құрылысы аяқталып қалды. Осы жылы бітіреміз. Бұл - өз бойында үлкен көлемді бизнестің пайда болуына жол ашатын тамаша жол. Мен Дмитрий Анатольевичтен (РФ премьер-министрі) жолды ары қарай жалғастыруды сұраймын. Ақтөбеден Қазанға, Қазаннан Санкт-Петербургке және Еуропаға барады. Бұл - бәріне аса қажетті жол. Оңтүстіктен өтетін магистральға Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан қосылады", - деді ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-дағы мемлекет басшыларымен кездесуінде.
Президент Қазақстан, Орта Азия және Ресей арқылы өтетін инфрақұрылымның транзиттік мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Санкт-Петербург - Мәскеу - Нижний Новгород - Қазан - Орынбор- Ақтөбе - Қызылорда - Шымкент - Тараз - Қордай - Алматы - Қорғас - Үрімші - Ланьчжоу - Чжэнчжоу - Ляньюньган арқылы өтетін Батыс Еуропа - Батыс Қытай маршрутының ұзындығы 8,445 шақырымды құрайды. Оның 2,233 шақырымы Ресей, 2,787 шақырымы Қазақстан және 3,425 шақырымы Қытай арқылы жүреді.
Осыған дейін 2015 жылы РФ-да Еуропа-Қытай автотрассасының құрылысы бойынша алғашқы жобалау жұмыстары басталуы мүмкін деп хабарланған еді. Аталған жоба Ресейде бюджеттен тыс инвестициялар арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі бойынша іске асырылуы қажет. Кейбір аумақтарды қаржыландыру РФ бюджеті және "Автодор" бағдарламасы арқылы басталып, Мәскеу- Санкт-Петербург трассасына 300 млрд рубль, Орталық айналма жол аумағына 50 млрд рубль бөлінді.