Астана. 30 қаңтар. 7kun.kz - Ертең бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жария етіледі. Бұл туралы ҚР Президенті бүгін отандық телеарналар арқылы арнайы мәлімдеме жасау барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті қазақстандықтар! Қасиетті Отанымыз Тәуелсіздіктің үшінші мүшеліне аяқ басты. Қазақстан қысқа мерзімнің ішінде кемелденіп, қуаты толысқан сақа мемлекетке айналды. Ширек ғасырда біз елімізді түбегейлі өзгерткен екі жаңғыруды іске асырдық. Алдымен нарықтық экономика қағидаларына негізделген мүлдем жаңа сипатты мемлекет құрдық. Екіншіден, Қазақстан-2030 стратегиясын жүзеге асырып, асқақ Астанамызды салдық», - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазір кезекті маңызды белестің алдында тұрғанымызды атап өтті. «Ертең, қаңтардың 31-інде менің халыққа Жолдауым ақпарат құралдарында жарияланады. Мен биылғы Жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Басты тақырып - «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» деп аталады. Бұл еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсуі тиіс. Біз сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән беретін боламыз. Ал білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президенттің айтуынша, заңға сәйкес, Елбасы xалыққа арнаған жолдауын ауызша, я болмаса, жазбаша түрде жолдай алады. "Биыл мен екінші жолды таңдадым", - деп атап көрсетті ҚР Президенті.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024