Астана. 12 қаңтар. 7kun.kz – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан «Құрметті сенатор» атағы алынып тасталды. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Жақында парламенттің жаңа регламенті бекітілген болатын. Оған сәйкес, мәжіліс пен сенаттың функциялары өзгерді және «Құрметті сенатор» атағы да алынып тасталды.
«Бұған дейін «Құрметті сенатор» атағы бір-ақ адамға берілген. Енді заңдарда «Құрметті сенатор» деген атақ жоқ. Оны бірден айтайын. Сенат регламентіне өзгеріс енгізілді. Осы регламентте қарап, оны алып тастадық. Бұған дейін ол бір-ақ адамға берілді. Енді мұндай атақ ешкімге берілмейді. Өйткені қазір бізде ондай құқықтық негіз жоқ, оны алып тастадық», – деді Әшімбаев.
Оның айтуынша, енді ондай институт жоқ.
«2022 жылы өткен референдумда бүкіл халық қолдап, Конституциядан Елбасына қатысты нормалар алынып тасталды. Ертең Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заң күшін (Парламент палаталарының бірлескен отырысында) жояды», – деді Сенат төрағасы.