Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Несие алаяқтары қалай әрекет етеді?

Несие алаяқтары қалай әрекет етеді?

Бірінші несие бюросының мәліметінше, (БКБ) Қазақстандағы несие берудегі алаяқтардың деңгейі 2,5%-ды құрайды. Бұдан бөлек БКБ мұндай жағдайлар барған сайын кебейіп жатқанын айтады. Бұл туралы БКБ бас директорының орынбасары Андрей Воякин мәлімдеді.

БКБ өкілі алаяқтар қазақстандықтардың сеніміне тез кіретінін айтады. "Мынадай жағдай болды. Бір адам OLX арқылы ұйымға қызметкер керек екені туралы хабарландыру берген. Ол жұмыс іздеушілерге жоғарғы жалақыны ұсынады. Сондай-ақ, ол жұмыс іздеушілерден құжаттары мен банк реквизиттерінің көшірмесін сұрайды. Кейін белгілі болғандай қолға түскен құжаттар арқылы ол несие рәсімдеген", - дейді Андрей Воякин.

Сондай-ақ, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер де алаяқтардың көбеюіне әсер етіп отыр. "Өткен жылы әскери қызметкерлердің жалған құжаттары арқылы несие рәсімдемек болған алаяқтар көбейген. Былтыр зейнетақыны қамтамасыз ету бойынша заңнамаға өзгеріс енгізілді. Заңға сәйкес, әскери қызметкерлер міндетті зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға аудармайды. БЖЗҚ-дан анықтама алғаннан кейін олар туралы ақпарат болмайтын болды. Мұны алаяқтар бірден өз пайдасына асырғылары келді. Олар әскери орындарға тиесілі жалған анықтамаларды, әскери билеттерді жасап, сол арқылы кредит алуға өтініштер түсіре бастады. Алаяқтар ұсынған құжаттар арқылы банктер кредит берді, алайда оларда нақты ақпаратты тексеруге мүмкіндік болған жоқ", - деді бюро өкілі.

Андрей Воякиннің сөзінше, несиенің көпшілігі жалған мекенжайлар арқылы рәсімделеді екен. "Несие бюросының мәліметтер базасынан Алматы қаласында бір ғана мекенжайдан 18 кредиттің рәсімделгенін байқадық. Тоғыз адамның қарызының мерзімі 30 күннен өтіп кеткен. Бұдан бұрын осы мекенжайда 94 кредиттің бар екені анықталған. Оның 79-ның төлем мерзімі біраз өткен болса, 15-нің төлем мерзімі 30 күннен асқан. Ал кредитті 21 адам рәсімдеген", - деді ол.

Сондай-ақ, БКБ-дан түсіндіргендей, қарыз алушылар несие тарихын ақша беріп тазартып алуға болады деп ойлайды екен. "Бізге несие тарихын тазартықысы келген бір қыз келген. Яғни оның мерзімі өткен несиесі болған. Бірақ ол өзінің тарихын жаңалау үшін біреулерге ақша берген. Ал олар өздерін БКБ қызметкерлеріміз деп таныстырған алаяқтар", - дейді Андрей Воякин.

Оның сөзінше, несие тарихын жаңарту мүмкін емес, оны аздап жақсартуға болады. «БКБ несие тарихы туралы ақпарат беретін жүйелі құрылым. Кредит тарихының иелері банктер, микроқаржы ұйымдары және тек осы құрылымдар ғана несие тарихын реттей алады. Олар мұны БКБ-да несие тарихы сақталған қарыз алушының келісімі арқылы ғана жүзеге асырады. Егер қарыз алушының несие тарихы бір рет бүлінсе, ол бюро базасында 10 жыл сақталады. Кредит тарихын шағын кредит алып, оны уақытында жабу арқылы ғана жақсартуға болады", - деді бюро өкілі.

Похожие материалы