Иә, қазір ойлап қарасам – осыған өзім де жауап таба алмаймын. Сол кезде сондай топас болғаным ба? – деп жүріс-тұрысы салмақты көршім әңгімесін бастады. Қайта-қайта ауыра берген соң – тәуіпке барып, соңында банктен бірақ шығыпты.
– Алдыңғы жылы жиі ауырып қала бердім. Осы уақытқа дейін тұрақты жұмыс істеп келе жатқан едім, сол жылы көп жұмыс ауыстырдым. Айлап жұмыссыз жатқан кезім болды. Енді дымсыз қалдым-ау дегенде қызметке тұрып кетіп жүрдім. Бір күні істегеніме екі-үш ай боп қалған жұмысымда ауырғаныма қарамай отыра бердім. Қызметім – видеоларды монтаждау. Мониторға қараған сайын жүрегім айнып, басым ауыра берді. Соңғы бір апта күніне жиырма сағаттан видео монтаждағаным бар еді, соның әсері ғой деймін. Кейде тамақтан ас өтпейді. Ауруға уақыт жоқ, жұмысты тапсыру керек. Ауруды басатын дәрі ішіп қойып, жүре бердім. Бір күні әріптесім қала маңындағы бір тәуіпті мақтап, соған сені апарайын, бірден айығып кетесің – деп қолқалап қоймады. Аса мән бермеген едім, ертесінде қатты қиналып жатып қалдым, менсіз ісі бітпейтін ол қоярда қоймай мәшинесіне салып ап, алдымен жұмысқа апарды. 3-4 сағаттық жұмысты ыңырсып отырып әрең бітірдім. Одан соң екеуміз өзі айтқан тәуіпке бардық. Барсақ, есігінің алдында ешкім көрінбейді, үйінде де ешкім жоқ сияқты (терезесінен сығаладық). Әріптесім хабарласып көріп еді, базарға кетіп қалғаны белгілі болды. Ертең келіңдер депті. Жарты сағаттан бері айналсоқтап жүрдік, мықты емші болса, манадан бері ешкімнің қарасы көрінбеді ғой – деп ішімнен күмәнданып қойдым. Менің түсінігімде тәуіп-мәуіп дегеннің үйінің айналасын жоқ дегенде 2-3 адам жағалап жүретін секілді. Сонымен ертеңіне келдік. Көз бар екен, ұшықтайын деді. Суф-суф деп, ахілеп-үхілеп бірдеңелерді айтып 4-5 минут жүрді. Арықтығыма қарады ма - тамақты аз әрі талғап жейсің көп же, май жеп жүр деді. Мен негізі тамақ талғамайтын адаммын, сосын майсоғармын. Тамақтан соң да үнемі нанға май жағып жейтінім бар. Ал, сол кезде бұған дейін тәуіп көрмеген тәжірибесіздігім бе, басқа ма оған сеніп қалдым. Адам бірдеңеге иланғасын соның көмегі тиетін сияқты болып тұрады ғой. Әлгі емші маған бойыңды зиянкес жайлаған, содан құтылуың керек деп айтты. Ондай нәрсе бар болса, бар шығар деп мен оған сендім. Өйткені тірлігім өнбей, жиі ауыра бергенім бар әбден мазам кеткен еді. Екі шикі жұмыртқа алдырып, бойыма сипалап, жарып көрсеткенде ішінен құрт шыққанын өз көзіммен көргесін тіпті де есім шықты. Қазір ойлап отырсам, ол адамның көз алдайтыны, қандай да бір сиқыры бар сияқты. Ол маған ауыртпалықтан арылу үшін әрқайсысын 3 килодан етіп сиырдың, доңыздың, қойдың етін әкел деді. Оған қоса 10 дана шұжық, бірнеше кило азық-түлік, кәмпит-күлшелер апаруым керек екен. Оған 50 мың теңгедей ақшам кетті. Әлгі емші мені бір апта «оқығасын» 200 мың теңге әкелуім керектігін айтты. Ал менде ондай ақша жоқ еді. «Қалайда табуың керек. Тиісті ем жасаймыз. Әйтпесе бойыңдағы зиянкестер ерегісіп, күшейіп кетеді», – дегесін уайымға баттым. Сосын тәуекел етіп, тазарып алмаққа бел будым да, банктен несие алдым. Емшінің сұрағанын апарып беріп, емін қабылдадым. Бірақ одан ешқандай да нәтиже болған жоқ.
Сонымен қысқасын айтқанда, мен әлгі әйелге алданғанымды енді біліп отырмын. Бүгінде ондай алаяқтар көп. Сондықтан басымнан өткен оқиғаны сіздерге арнайы хабарлап отырмын. Жұрт алданбасын, ойлансын.
Тэги:
Похожие материалы
Более 13 тыс. казахстанцам назначена специальная социальная выплата
- 26 желтоқсан, 2024
Правительственная комиссия расследует причины авиакатастрофы вблизи Актау
- 26 желтоқсан, 2024