Көп қолданушылар үшін интернетте «Нұрлы жол» деп тергенде, неге осы суреттер шығатыны жұмбақ. Бір қарағанда, жүрдім-бардым салынған иллюстрация болып көрінуі мүмкін. Соның кесірінен бе, басты идея көрінбей қалып жатады.
Дегенмен, осы суретті «оқып» көрейік. Қазақстан картасында елорда тұсынан мемлекеттік туымыздағыдай шашақ шығып, сәуелелері жан жаққа... әуе, автомобиль және теміржол түрінде шашырайды. Ендеше 2014 жылдың қарашасында Назарбаев жариялаған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының басты идеясы да — Қазақстан инфраструктурасын сәуле принципімен дамыту еді. Және бұл сол кездегі елорданы «барлық жолдар апаратын Рим» қылу емес, кәдімгі есептің нәтижесі болды.
Кәдімгі есеп
«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты жарияланған жылы Қазақстанның Дүниежүзілік банктің LPI индексіндегі орны — 88 еді.
«LPI (logistics performance index) — ұлттық-трансұлттық, аймақтық, халықаралық, т.б. қоймалары мен логистикалық операторлардың, көлік, экспедиторлық компаниялардың сауалнамасы негізінде есептелетін көрсеткіш»
Дүниежүзілік банктің бұл рейтингіне — әлеуетті инвесторлардан бастап, әлемдік жолаушы, тауар тасымал операторлары мұқият қарайды. Шынымен, егер инвестиция құйып, шығарған өнімің әлемдік нарықтарға жете алмайтын болса, жобаны біржола ұмыту қажет. Сонымен бірге, халықаралық қаржы алпауыттары атаулы несиелер берерде (аграрлық, құбыр тарту, әуежай салу, т.б.) еліміздің мүмкіндіктерін осы көрсеткішпен екшеуі мүмкін. Ендеше, «Нұрлы жол» бағдарламасының қазірде насихатталып жүргендей әлеуметтік контексінен бөтен, осындай халықаралық деңгейдегі мазмұны бар.
Осы кесте бойынша, соңғы шығарылған 2018 жылғы рейтингте Қазақстан 71-орында. Ал 2016 жылы — 77 орында; 2014 жылы — 88-орында болған. Яғни, өсу динамикасы бар. Рас, мұның алдындағы 2014, 2012, 2010 жылдары сәйкесінше 88, 86, 62 орындарда болған, бұл индикаторлар кәсіби сараптаманы қажет етеді. LPI индикаторының құнын аңғару үшін, аталған жылдардағы лидер мен аутсайдерлерді келтірсек:
- 2018 жылы — бірінші орында Германия, соңғы 160-орында — Ауғанстан;
- 2016 жылы — лидер тағы да Германия, аутсайдер — Сирия Араб Республикасы;
- 2014 жылы — тізім көшбасшысы және Германия, аутсайдер — Сомали.
Аталған елдер еліміздің инфрақұрылымының бүкіләлемдік экономикалық жүйедегі орнын ұғынуға жеткілікті болар деп ойлаймыз.
Ендеше инфрақұрылымды дамытудың осындай қарапайым есебі бар. Бұл «Нұрлы жолды» кезекті науқандық көрініс деп қабылдамауға жеткілікті болуы керек.
Жұмыс, жұмыс, жұмыс
Қазақстандық мемлекеттік бағдарламалар көбіне кешенді сипатта: олар әдетте нақты нәтижені діттей отырып, «рикошетпен» басқа мәселелерді де шеше кетеді. Ендеше «Нұрлы жолдың» инфраструктуралық көрсеткіштердің халықаралық рейтингінде жоғары орындардан бөтен, әлеуметтік маңызы да ерекше.
Бағдарлама қабылданған 2014 жылды Қазақстан 5% жұмыссыздық деңгейімен аяқтаған болатын. 33 мың жұмыссыз әлі де алармизмге себеп емес, бірақ 2008 жылдың қаржы дағдарысы найқалтып кеткен, әрі роботизация дендеген әлемде жұмыссыздық деңгейі тек өсуге бейіл ахуал қалыптасты. «Нұрлы жол» бұл проблеманы — мемлекеттің қаржысын «ауыл мен қала» арасында дифференциациялап шешетіні бірден көрінді. Жоғарыда аталған «сәуле» принципі бойынша «Орталық-Оңтүстік» бағыты бойынша Нұр-Сұлтан (ол кезде — Астана) - Алматы; «Орталық-Шығыс» бағытында Нұр-Сұлтан — Өскемен; «Орталық-Батыс» бағытында Ақтөбе-Атырау-Астрахань және Бейнеу-Ақтау араларын автомобиль сапалы жолдарымен жалғау басталды. Бұдан басқа «сәуле» транспорттық хабына жанама қатысы бар (бұл «маңызы төмендеу» деген сөз емес) 26-дай елді мекеннің арасын дәнекерлейтін жол салу да көзделген еді.
Қазақстанда 96 мың шақырымға жуық жалпы қолданыстағы жолдар барын ескерсек, бұған орасан жұмысшылар армиясы керегі түсінікті. Және ең бастысы — елді мекендерді басып өтіп, ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселесіне тікелей соққы беретіні түсінікті. Сандәйектер келтірсек, 2017 жылы бағдарлама аясында пайда болған 100 мың жұмыс орнының 70% автомобиль жолдары құрылысына бағытталған. Ал енді 2018 жылы тек республикалық маңыздағы автомобиль жолдары құрылысында дербес 75 мың жұмыс орны ашылды.
Айтпақшы, «Нұрлы жол» бағдарламасының түзілу принципі қазақша «сәуле» деп айтылып кетті. Ал бірақ, бағдарлама бекітілген - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 1400 қаулысында «шұғыла қағидаты» бойынша делінген.
Бағдарлама 2020 жылға дейін жалғасады. Жолдардан басқа, бағдарламаның — тұрғын үй құрылысы, тұрғын-коммнуналдық шаруашылық бағытындағы жұмыстары да жұмыспен қамту потенциалына ие.