Алматы. 30 мамыр. 7kun.kz – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 маусым күні референдумға баратынын мәлімдеді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Нұрсұлтан Назарбаев белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа сұқбат беріп, алдағы референдумға баратынын айтты. Тіпті, өзгеретін конституциядағы өзінің мәртебесі туралы да пікір білдірген.
«Жалпы, менің ойымша, әр кезең, әр толқын елдің Негізгі заңына (Конституция - ред) өзгеріс енгізуге құқылы. Егер ол қоғамның алға жылжуы мен демократиялық дамуына ықпал етсе. Өзгелер сияқты мені де болып жатқан оқиғалар мемлекет мүддесі үшін болса деген ой толғандырады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, тұңғыш президент өзінен кейін елге және халқына не қалдыратыны үнемі ең маңызды дүние екенін айтты. Сол үшін 2019 жылы көпшіліктің қарсылығына қарамастан президенттіктен кетіпті. Қасым-Жомарт Тоқаевты үнемі қолдап келгенін, осы жолы да қолдайтынын жеткізіпті. Ал қудалауға түскен туыстары туралы «бәрін заң шешсін» деді.
«Егер менің сыртымнан атымды пайдаланып заңсыздықтар жасаған туыстарым болса, заң алдында өздері жауап берсін. Олардың кінәсі сот тәртібімен дәлелденсін. Рахат Әлиевтің оқиғасын білесіздер. Ол менің қызымның күйеуі болды. Менің ұлымдай болған еді. Бірақ оның заңсыз әрекеттеріне көз жұмып қарамадым. Қазақстан соты соттады. Алайда өмірінің соңына дейін қашып, тығылып жүрді. Адам қызығар тағдыр емес», - дейді Назарбаев.
Одан бөлек, саясаттанушыға берген сұқбатында Назарбаев өзінің мемлекет басқарған кездегі жетістіктерін, халықаралық аренадағы Қазақстанның беделінің зор екенін тілге тиек етті. Ал өзіне жақын болған, қазір тергеудегі Кәрім Мәсімовтің ісін заң орындары толық тексерсін деген пікірде.
Ал «қаңтар оқиғасы» ел үшін үлкен сабақ болды дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Тіпті, қанды қырғынды ұйымдастырған, артында тұрған адамдар туралы тергеу орындары жауап береді депті.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024