ОҚО-да 870 мың адам ай сайын 24,1 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлем алады
05 мамыр, 2018
Алматы. 5 мамыр. 7kun.kz - Оңтүстік Қазақстан облысында 870 374 азамат жалпы зейнетақы мен арнайы әлеуметтік төлем алады деп хабарлайды облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметі. Олардың қаржы қажеттілігіне ай сайын 24,1 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.Жиын барсында департамент басшысы 2018 жылдан бастап арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеміне өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді.«2018 жылдың 1 қаңтарына облыс көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың саны 298 353-ті құрап, оған 2,3 млрд теңге көлемінде төлем жүргізілген. Биылдан бастап мұндай жәрдемақының құрамынан «Алтын Алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы санаты бөлініп, жеке мемлекеттік қызмет түрі болып қосылды. Осы аталған жәрдемақы бойынша 2018 жылдың бірінші тоқсанында 70 147 мемлекеттік қызмет көрсетілді», – деді Темірбаева.Сондай-ақ, департамент басшысы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңімен әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғаятынын айтты. 1960 жылдың 1 қаңтарында туылған әйел зейнетке 2018 жылдың 1 шілдесінде, яғни, 58,6 жасында шығады. Егер әйел 1960 жылдың 1 шілдесінде туылған болса, оның зейнеткерлік жасы 59 келеді. Себебі, 2019 жылдың 1 қаңтарына оның жасы 58,6 толғанымен, 2019 жылы жалпы белгіленген зейнеткерлік жас 59-ды құрайды.Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста жалпы 234 924 зейнеткер бар. Оларға 10,0 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемі жүргізілген.