Алматы. 25-қаңтар. 7kun.kz — Құны 3 млн АҚШ доллары болатын құрал-жабдықтар сатып алынып, кен өндіру кәсіпорны өз жұмысын бастайды. Аталған кәсіпорын іске қосылған уақытта 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланады. Бұл туралы Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев ауыл тұрғындары алдындағы есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылында жыл соңында кен өндіру кәсіпорны іске қосылады. Бұл бағыттағы жұмыстарға бүгінгі күнге инвесторлар 120 млн теңгенің қаржысын жұмсаған. Ол қаржы кепілде тұрған ғимаратты сатып алуға, құжаттамаларды реттеуге жұмсалған.
Бүгінде жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқанын айтқан «Ащысай тау-кен комбинаты» ЖШС директоры Нысанбай Кенжебаев ақпан, наурыз айында зауытты қайта тіркеу және заңдастыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
«Табиғатты қорғау жайын стандарттарға сәйкестендіреміз. Бұл жұмыстардың барлығын атқару үшін уақыт керек. 25 жылға қабылданып отырған бағдарлама бойынша жоба жер қойнауындағы қазба байлықтарды игеру мақсатында жүзеге асады. Жоба бойынша 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Жыл соңында кәсіпорын өз жұмысын бастайды», - деді Нысанбай Кенжебаев.
Осы ретте қала басшысы жыл соңына дейін жергілікті тұрғындарды арнайы бағдарламалар бойынша оқытып, мамандықтарын сәйкестендіру жұмыстарын жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Есептік кездесуде тұрғындардың сұрақтарына кең көлемді жауап берген Ә.Мақұлбаев сала мамандарына атқарылуы тиіс нақты тапсырмаларды жүктеп, алдағы міндеттерді нақтылады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі