Астана. 5 мамыр. 7kun.kz - ЭКСПО көрмесіне ОҚО-ның 35 ірі кәсіпорны 13 мың тоннаға жуық азық-түлік жеткізеді. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы 28 түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінен 12976 тонна апару жоспарланып отыр.Көрмеге «Қарқын-2030» ЖШС 15 тонна шұжық өнімдерін жеткізеді. Зауытта «Нәрлен» сауда белгісімен таңбаланған шұжықтың 60-қа тарта түрі дайындалады. Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 1,5 тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорын басшысы Нұрғали Әбдібаевтың айтуынша, халықаралық көрменің ұйымдастырылуына байланысты ондағы өнімділік 5 тоннаға дейін артқан.
ЭКСПО-ға тауар тасымалдайтын келесі зауыт - «Манкент Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Серіктестік, негізінен көкөніс, жеміс-жидек пен дәнді дақылдар өсіреді. Шаруалар ЭКСПО көрмесіне 1690 тонна көкөніс өнімдерін жеткізуді жоспарлап отыр.
Халықаралық көрмеге өз өнімдерін дайындап жатқан тағы бір кәсіпорын Шымкент қаласындағы «Барыс 2007» ЖШС-і. Зауыт жылына 27 мың тонна макарон өнімдері мен 3600 тонна кондитерлік өнімдер өндіреді. ЭКСПО көрмесіне орай кәсіпорын өнім көлемі 20 пайызға артқан. Серіктестік Астанаға 1070 тонна ұн мен нан өнімдерін жөнелтеді.
Ұйымдастырушылар шешімі бойынша, ЭКСПО-2017 көрмесінде Оңтүстік Қазақстаннан жеткен ауыл шаруашылығы өнімдері қонақтарға жәрмеңке түрінде алты рет ұсынылатын болады. Алғашқы жәрмеңке 13-14 мамыр күндері болады.
Өнімдерді Астана қаласына тасымалдауға 25 автокөлік дайындалып, арнайы кесте жасалды.