Шымкент. 3 маусым. 7kun.kz - Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында айына 50 мың дана бөлке мен батон нандарын шығаратын зауыт ашылды. Мұнда сапалы әрі таңдаулы нан өнімдерінің 30 түрі пісіріледі, деп хабарлайды облыстың баспасөз қызметі.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы халықты жоғары сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз ету басты мақсат екенін атап өтті. Сонымен қатар,ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға беріліп отырған нан зауытының жұмысына сәттілік тіледі.
Ауданның орталығында орналасқан «ЯССЫ-НАН» ЖШС жобасының жалпы құны 300 млн. теңге. Серіктестік директоры Насиба Атаеваның айтуынша, аудандағы азық-түлік дүкендерінде аталған нан зауытының өнімдері сатылуда. Зауыттағы «ВОСХОД» нан пісіретін пеш құрылғысы көрші Ресейден алынған. Ал серіктестік жерінің жалпы көлемі 0,20 га. Бүгінде онда 30 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта кәсіпкер кондитер өнімдерін шығаратын цех ашуды көздеп отыр.
Айта кетейік, бұл жоба ауданда нан бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып, пайдалануға беріліп отыр.