Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қостанайда күніне 250 тонна ұн шығаратын кешен ашылды

Қостанайда күніне 250 тонна ұн шығаратын кешен ашылды

Алматы. 7 шілде. 7kun.kz - Астана күні мерекесіне орай Қостанайда астықты өңдейтін диірмен кешені іске қосылды, деп хабарлайды inform.kz.

Қостанайлық «Best Kostanay» ЖШС кезекті диірмен кешені іске қосылды. Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, әлеуетті кәсіпорындар өңір дамуының басты көрсеткіші саналады.

«Аграрлы облыс үшін дәнді дақылдарды сақтап, қайта өңдейтін кәсіпорынның іске қосылуы аса маңызды шара. Еліміздің бас қаласының туған күнінде әлеуетті диірмен кешенін ашып отырмыз. Бұл серіктестік өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып, аграрлы саланың дамуына зор септігін тигізеді. Біз де өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз. Өйткені, Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында аграрлы салаға баса назар аударуды тапсырды. Келешекте «Best Kostanay» әлемнің үздік ұн экспорттаушыларының бірі болатынына сенеміз», - деді құттықтау сөзінде облыс әкімі.

Аталмыш кешен көлемі бойынша 1 300 тонна астықты сақтай алады. Бір күнде 250 тонна ұн шығаруға қауқарлы. Мұнда жоғары сұрыпты, бірінші, екінші сұрыпты ұн шығарада. Қондырғылардың барлығы Түркия елінен алынды. «Қостанай елдегі астықты өлке саналады. Оның бидайының сапасы жоғары. Біз Швейцарияның Женева қаласында өткен сапа көшбасшылары арасында үздік танылып, алтын жүлденің иегері атандық. Әлемнің 80-нен астам мемлекеті арасында «Best Kostanay» Қазақстан атынан қатысқан жалғыз компания болды», - деді «Best Kostanay» ЖШС басқарма төрағасы Нихат Жан.

Оның айтуынша, компания кейінгі сегіз жылда диірмен жұмысымен мықтап айналысып келеді. «Мына өздеріңіз көрген аумақтағы кешенді салуға қаншама күш кетті. Тақыр жерде жаңа комбинат көтердік. Жылдық өнім көлемі 60 мың тоннадан асырамыз деген жоспар қойдық. Жоғары технологиялы қондырғылардың сапасы жақсы. Бидайды жуып, тазалап, оны жақсы үгеді. Өнім неғұрлым сапалы болса, соғұрлым өтімділігі де жоғары болады. Бізден шыққан ұнның 95%-ы Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Әзербайжан мемлекеттеріне экспортталады. Қалғаны ел аумағында саудаға шығарылуда», - деді ол.

Кешеннің жұмысы толығымен жоғары деңгейлі мульти басқару жүйесімен автоматтандырылған. Нихат Жанның сөзінше, бүгінде «Уно», «Хилал», «Хазина-шаһ», «Мубарек», «Элит» ұндары алыс-жақын шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Аталған өнімдердің сапасын жоғалтпай, оны арттырып отыру мақсатында Түркиядан қысқа мерзімге арнайы мамандар шақырылды. Олар жергілікті диірменшілерге жаңа технологияның қыр-сырын үйретпек.

Похожие материалы