Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Павлодарда 200-ден астам отбасы «Нұрлы жер» аясында баспаналы болды

Павлодарда 200-ден астам отбасы «Нұрлы жер» аясында баспаналы болды

Алматы. 14 желтоқсан. 7kun.kz – Тұрақты баспананың болмауы тұрмыстағы қиындықтар, қаржының жетіспеуіне әкеліп соғады. Бұл әсіресе шаңырағын енді құрған жас отбасыларға айтарлықтай сынақ екені түсінікті. Тапқан-таянғанын пәтер жалдауға жұмсау – жас отаудың бақытты өмір сүруіне едәуір кедергі. Дегенмен, бұл олқылықтың орны түзеліп келеді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 216 павлодарлық отбасы баспана кілтіне ие болды. Олардың бәрі – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары. Тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған.

Жаңа нысандар Сарыарқа шағын ауданында бой көтерді. Осыдан үш жыл бұрын аталған нысанның орнында өткен ғасырдың алпысыншы жылдары тұрғызылған алюминий зауыты қызметкерлерінің уақытша үйі болған екен. Дегенмен, ол уақыт өте келе қолданыстан шығарылып, 2015 жылы сүрілді.

Осылайша бұрынғы «Алюминстрой» Сарыарқаға айналды. Көпқабатты үйлер кірпіштен және арнайы панельден салынған.

Баспана құны – 1 шаршы метр үшін 120 мың теңге. Бұл Павлодардағы нарық бағасынан шамамен 20 мың теңгеге арзан. Пәтерлер аумағы 40-84 шаршы метр аралығында.

Көптен күткен қуанышқа қол жеткізу үшін салымшылардың есепшотында үй бағасының 20%-на тең ең төменгі бастапқы жарна болуы тиіс еді. Осы шарттарды негізге алсақ, құны 5 млн теңге тұратын 1 бөлмелі пәтер алу үшін есепшотқа 1 млн теңге жинау жеткілікті болған. Мұнан соң банк  жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие ұсынып, пәтер сатып алуға көмектескен.

Салтанатты жиынға банктің басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов арнайы қатысып, пәтер кілттерін табыстады.

[su_quote]- Біздің салымшылар пәтер алу үшін қаржысы мол маман болудың қажеті жоқ екенін іс жүзінде көрсетті, - деп атап өтті Нұрлан Ақшанов. – Ол үшін тұрақты кіріс пен қаражатты дұрыс жинай алу қажет. Қалған мәселелерді шешуге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» көмектеседі. Бұған 2018 жылы пәтер кілтіне ие болған сегіз мыңнан астам қазақстандық дәлел . Сіздер өз мақсаттарыңызға жеттіңіздер – жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын несиемен пәтер сатып алдыңыздар. Әр клиентімізге жаңа үйде жаңа шаттық тілейміз. Мұнда балалардың ғылым қуып, ел мақтанатын тұлғаларға айналатынына сенеміз.[/su_quote]

Салымшы Менуар Қошанова жолдасы және екі баласымен ата-анасының бір бөлмелі пәтерінде тұрып келген. Пәтер кілтін алу үшін 3 жыл кезекте тұрды. Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі баласын тәрбиелеп келеді. Жас келіншек «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшотын бір жарым жыл бұрын ашуға ұйғарған. Бүгін ол аумағы 82 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтерге көшіп отыр. Үйдің құны – шамамен 10 миллион теңге.

[su_quote]- Қаражатымды банкке 2016 жылдың желтоқсан айынан бері салып келдім,- деді Менуар Қошанова. – Ұпайымыз жетпей, 2 рет конкурстан өтпей қалдық. Бірақ, бас тартушылар пайда болып, соңғы тізімге енуге мүмкіндік алдық. Қалған соманы 13 жылда қайтарамыз. Ай сайын 76 мың теңгеден төлейміз. Бүгінгі қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұл бір жағынан баспанаға ие боламыз деп жүрген еңбегіміздің жанғаны. Біз жаңа аймақтан көлемді үй алғанымызға ризамын.[/su_quote]

Павлодарлық Ирина Лободюк – қаладағы жеке кәсіпкерлердің бірінде тігінші. Оның отбасында төрт адам бар. Оның екеуі – бала. Осы уақытқа дейін ата-аналарымен де, жалдамалы пәтерде де тұрып көрді. Бұған қаншама уақыт пен қаржы жұмсады. Сол себепті олар көптен бері жеке пәтерді армандап келді.

[su_quote] - Шынымды айтсам, бұл баспананың маған тиесілі екеніне әлі сене алмай тұрмын. Кілтті беріп жатқан кезде көзіме жас алдым, - деп ағынан жарылды Ирина Лободюк. – Біз алты жыл бойы пәтер аламыз деп ақша жинадық. Павлодардағы «Тұрғын үйқ ұрылыс жинақ банкі» филиалына келіп, кеңесшілермен ақылдасып, сайт арқылы өтінім бердік. Кейін бізді шақыртты. Біз бастапқы жарнаны салып, жақсы бағалау көрсеткішіне қол жеткіздік, сондықтан банк үйді өзімізге таңдатуға жағдай жасады. Мен өзім армандаған жаңа аймақтағы екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Қалған сегіз жылда ай сайын 50 мың теңгеден төлейтін боламын.[/su_quote]

Павлодардағы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының пәтер тойы мұнымен тоқтап қалмайды. Нұрлан Ақшанов айтқандай, жақын арада пулға қосымша жинау жарияланады. Нәтижесінде тағы 650 пәтер тұрғындарға берілмек.

Жыл басынан бері банк Павлодар тұрғындарына 2,5 мың несие берді. Қазіргі уақытта Ертіс жағалауының 55 мың тұрғыны пәтер кілті үшін қаражат жинауда. Бұл – облыстың әрбір 13-ші тұрғыны.

 

Похожие материалы