Алматы. 15 шілде. 7kun.kz — Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдерінен инвесторлар мен кәсіпкерлерді қорқытатын "князьдік" мәнерден құтылуды талап етті.
"Мен әкімдерге үнемі айтамын: сендер инвестицияларды тартумен айналысуларың керек. Кейде мен теледидардан кәсіпкерлер мен инвесторлардың делегацияларын қалай қабылдайтынын көремін: бұл ешқайда жарамайды… Үстелдің басында отырасыздар, оларды екі, төрт метр қашықтыққа орналастырасыздар, өздеріңізді қандай да бір князьдіктің басшысы ретінде ұстайсыздар. Инвестиция тартуға сіз емес, олар мүдделі секілді", - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы әкімдерге Сингапурдың бірінші премьер-министрі Ли Куан Юдың "Үшінші әлемнен біріншіге" атты кітабымен танысуды ұсынды.
"Сіздер осылай жұмыс істеулеріңіз керек, өзіңізден үлкен басшы жасамай. Бұл сіздерге жараспайды. Мұндай сипатта теледидардан өте нашар көрінесіздер", - деп мәлімдеді президент.
Ол әкімдер инвесторлар және бизнесмендермен іскерлік қарым-қатынастарда келіссөз жүргізуге тиіс екенін түсіндірді. Сонымен қатар, президент Қазақстанның интеграциялық үдерістердегі келіссөз ұстанымдарын күшейту қажеттігіне назар аударды.
"Өткізу нарығын кеңейтусіз сапалы инвесторлар бізге келмейді, Үкіметтен және әсіресе жаңа министрліктен (сауда және интеграция) нақты ұсыныстар мен нәтижелер күтемін", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, жаңа инвесторлардың келуімен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың табысын арттыру міндеті байланысты.
"Ағымдағы жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағынының 11,5%-ға төмендегені байқалады. Жағдай алаңдаушылық тудырады, барлық секторда құлдырау байқалады", - деді Мемлекет басшысы.
Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов осындай үрдіс бүкіл әлемде үшінші жыл қатарынан байқалып отырғандығын атап өтті, алайда инвестициялардың төмендеу себептерінің бірі жергілікті жерлердегі шиеленіс екенін мойындады.
"Бізде күрделі экспорттық жолдар, санкциялық соғыстар бар, транзит азайды, біз Иран арқылы өтетін транзит есебінен өте көп жоғалттық, Каспий транзитінің бағасы көтерілді. Мынаған назар аударуды жөн санаймын: көп жылдар бойы Қазақстаннан капиталдың кетуі жүріп келе жатқанын ешкім айтпайды, біздің бизнесмендер, тең инвестор және жақсы серіктес бола алатын, елден капитал алып шығып жатыр. Демек, бізде ішкі проблемалар бар", - деді СІМ басшысы.