Экономика
Назарбаев: Балаларға ағылшын тілін қазір үйретпесек, келешекте олардан кәсіби мамандар даярлай алмаймыз
Алматы. 10 сәуір. 7kun.kz - Мемлекет басшысы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен кездесті деп жазады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев білім беру жүйесі еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру ісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
«Біз іске асырып жатқан барлық бағдарламалық құжаттарда, соның ішінде Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы жолдау мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында, сондай-ақ цифрландыру барысында білім беру ісіне зор мән берілген. Мектептегі білім берудің сапасы осы бастамалардың табысты жүзеге асырылуының кепілі болып саналады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалардың уақтылы жүргізіліп жатқанын айтып, жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу үдерісіне ерекше тоқталды.
«Пәндерді ағылшын тілінде оқыту жоғары сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Балаларға ағылшын тілін қазір үйретпесек, келешекте олардан кәсіби мамандар даярлай алмаймыз. Бұл – уақыт талабы. Ата-аналар мұны дұрыс түсінуге тиіс. Бұл ретте, қазақ тілін оқытуды да ұмытпауымыз керек», — деді Қазақстан президенті.