Бизнес
Выбор редактора
Президенттің бес әлеуметтік бастамасы Алматыда белсенді түрде жүзеге асуда
Алматы. 21 қыркүйек. 7kun.kz - "Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы Алматы қаласында белсенді түрде жүзеге асыруда. Мысалы: биыл жыл соңына дейін мегаполисте шағын несиелеу бағдарламасы аясында 55 жоба іске қосылады", - деп хабарлайды 7kun.kz.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ақпаратынша, 2017 жылы жалпы құны 905 млн теңге болатын 63 жоба шағын несиелеу бағдарламасы аясында жүзеге асты. Ал биыл 1,3 млрд теңге көлемінде 85 шағын несие берілген. Сондай-ақ, бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында жыл басынан бері 143 жобаға 2,2 млрд теңге бөлінді. Бұл 465 жұмыс орнының сақталып, 155 жаңа жұмыс орнының ашылуына себепші болды.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек, Алматы қаласында 2018 жылдың 1 қыркүйегіндегі көрсеткіш бойынша, 271 794 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға көп.
«Республикадағы барлық бизнес нысандарының 17,2 пайызы Алматы қаласында тіркелген. Еліміздегі ең ірі мегаполис бұл жағынан бірінші орында. Жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр»,-деді Басқармадағылар.
Жалпы кәсіпкерлік және бұқаралық өнім өндірісі бағдарламасына қатысу үшін және шағын несиелендіру бағдарламасы аясында қарыз алу үшін алматылық кәсіпкерлер өз ауданына қарасты халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚҚО-ЦОН) баруы керек. Өздерімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты немесе төлқұжаты болуы шарт.
Халықты қызметпен қамту орталығы екі жұмыс күні ішінде кәсіпкерлік бастауларды қолдау үшін бағыт көрсетеді.
«Несие және шағын несиелеу екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Қорландыру жұмыстары «Даму» қоры арқылы жүргізіледі. Алматы қаласында үлестіріліп жатқан несие енді іске қосылатын жобаларға беріледі. Несие кәсіпкерлік курсын тәмамдағандарға немесе бұған дейін басқа да жобалар аясында білім алғандарға бөлінеді»,-деді Басқарма өкілдері.
Тағы бір ескерте кететін жайт, несиелер екі немесе одан да көп жұмыс орнын ұсынған жобаларға ғана беріледі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының биылғы 5 наурызда жариялаған бес әлеуметтік бастамасының негізі –кәсіпкерлікті, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру, табысы аз отбасылардың әлеуетін арттырып, несиелендіруге бағытталған.