Puma — спорттық киім өндіретін әлемдегі ең үздік әрі ең ірі компаниялардың бірі. 70 жылдық тарихы бар бренд бүгінгі күні біздің елімізден де өз жанкүйерлерін тауып үлгерген. Қазақстандықтардың басым бөлігі өзге брендтің киімінен Puma кроссовкаларын бірден ажырата алатынына күмән келтірмейміз. Алайда компанияның жетістіктерін, Adidas брендімен байланысын, тіпті оның неліктен Puma деп аталатынын біреу білсе, екіншісі біле бермейді. 7kun.kz редакциясы назарларыңызға Puma туралы ең қызықты ақпаратты ұсынып, компанияның жұмысын төмендегі хронологиялық тізбек бойынша түсіндіріп береді.
Тіпті әлемдік брендтерден хабары аз адамның өзі Puma брендін біледі немесе оның өнімімен пайдаланады десек, қателеспейміз.
Ади мен Руди Дасслердің алғашқы фабрикасы Әлемдік брендтердің тарихына үңілетін болсақ, олардың басым бөлігі отбасылық кәсіп ретінде басталғанын байқаймыз. Бүгінде дүниежүзіндегі ең ірі Adidas және Puma аяқ киім брендтері де алғашында 1920 жылы Дасслер ағайындыларының жеке кәсібі ретінде құрылды. Бір қызығы, екі бауыр бала кездерінен-ақ бір-бірінен асып түсуге ұмтылып, спорт арқылы күш сынасқанды, бір-бірімен бәсекеге түсуді жақсы көрген екен. Ади футболды, ал Руди боксты ұнатқан. Екі еңбекқор баланың болашағы зор екеніне ата-аналары да, таныстары да күмән келтірмейтін. Себебі, Рудольф пен Адольф қандай істі бастамасын, жетістікке жететін. Екеуінің спортқа деген махаббаты балалық шақта басталған және осы махаббат дүниежүзіндегі ең үздік екі брендтің жарық көруіне түрткі болды.
[caption id="attachment_89945" align="aligncenter" width="650"] Рудольф және Адольф Дасслер Фото: magme.hr[/caption]Олар 1924 жылы Херцегенораух қаласында (Бавария) шағын компанияларын “Херцегенораухтағы Дасслер ағайындыларының аяқ-киім фабрикасы” деген атпен тіркеп, алғашқы кроссовкаларын өндіре бастады. Адольф аяқ киімнің дизайнын жасаумен, ал інісі оны жарнамалаумен, сатумен айналысты. Арада 4 жыл өткеннен кейін, яғни 1928 жылы Dassler аяқ-киімдері Рудольфтің арқасында бастапқыда спортсмендердің, кейіннен қарапайым халықтың арасында үлкен сұранысқа ие болды. Жеңілатлет Артур Йонат Dassler кроссвокаларының көмегімен Лос-Анджелес қаласында өткен жарыста қола медальды жеңіп алды. Ал 1936 жылы Берлинде өткен Олимпиадалық ойындарда Dassler кроссовкаларын киген жеңіл атлет Джесси Оуэнс 100 және 200 метрге жүгіру жарысында жеңіске жеткеннен кейін, Адольф пен Рудольфтың ісі алға басты.
[caption id="attachment_89946" align="aligncenter" width="1110"] Дасслер ағайындыларының фабрикасы Фото: i.pinimg.com[/caption]Дасслер империясының құлдырауы
Adidas пен Puma арасындағы дау екі-үш жыл бұрын емес, өткен ғасырдың ортасында басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Даудың неден басталғанына қысқаша түсініктеме беріп өтейік. Жалпы, екі ағайындының екіге бөлініп кетуіне Екінші дүниежізілік соғыс тікелей себепші болды. Сенімді деректерден біз екеуінің нацист болғанын білеміз. Адольф пен Рудольф соғыс басталғанға дейін саясатқа бірдей көзқараспен қарайтын. Алайда соғыс оларды Үшінші рейх үшін аяқ киімдер өндіріуге мәжбүрлеген соң, жаппай мобилизацияның салдарынан Рудольф Дасслерге майданға аттануға тура келеді. Тек ол соғыс алаңында ұзақ жүрген жоқ. Ақшам соқыр ауруын сылтаулатып, машинамен басу бюросында жұмыс істеуге қалады. Ал 1945 жылы жақындап келе жатқан Қызыл Армия әскерлерінің шабуылынан қашқаны үшін гестапо (құпия мемлекеттік полиция) оны тұтқындайды. Тұтқындалу кезінде Руди оны туған бауыры Адольфтың полицияға ұстап бергенін біледі. Ағасына өкпелеген Рудольф, америкалық билікке Үшінші рейхке аяқ киім тігу тікелей Адольфтың шешімі болғанын айтады. Осыдан соң, америкалық билік Дасслер фабрикасын өз қарамағына алып, кроссовкалардың орнына коньки өндіріп, оны АҚШ-қа экспорттаумен айналысты. Тек 1946 жылы ғана Ади мен Руди кәсіпті қайтадан бастауға мүмкіндік алады. Ал 1948 жылы әкелері дүниеден озғаннан кейін, екеуі кәсіпті ары қарай бірге жүргізуден бас тартып, Adidas және Rudi атты жеке фабрикаларды ашқан екен. Ади мен Руди арасында туған дау қала тұрғындарына да әсер етті. Херцегенораухтағы адамдардың бірі Адиді, екіншісі Рудиді қолдап, қала екіге бөлінді.
Рудольфтың табысты кәсібі — Puma
Бірнеше айдан кейін Руди өз атын марка атауы ретінде пайдаланудан бас тартып, брендтің атын Puma деп өзгертті. Ағайындылардың бір-бірінен асып түсуге деген құштарлығы тек Германияда шығатын аяқ киімдерді биік дәрежеге көтеріп қана қоймай, әлемдегі спорттық киім шығаратын фабрикалардың да сапасын арттырды десек, қателеспейміз. Ади мен Рудиге қарап жас компаниялар бой түзейтін, ал олар болса үздік аяқ киім ойлап табу мақсатында күн-түн демей еңбектенетін. 1948 жылы Руди ATOM деген алғашқы бутсы шығарып, оны сатумен айналысты. Рудольфтың компаниясына танымалдықты спортсмен Ханц Фютерер сыйлады. Ол 1952 жылы Хельсинки қаласында өткен Олимпиадалық ойындарда 1,5 км жүгіріп, бірінші орынды иемденді. Сондай-ақ ол Йокогамдағы Чемпионатта жеңіске жеткен соң, және жеңілатлет Армин Хари 100 метрге жүгіру сайысында алтын медальды алғаннан кейін брендтің танымалдығы өзінің шарықтау шегіне жетеді. Жеңілатлеттердің осы жетістіктерінен кейін Руди компанияның логотипі ретінде ауада секірген пуманың бейнесін таңдайды. Логотипті карикатурашы Лютс Бакенс жасаған.
[caption id="attachment_89947" align="aligncenter" width="400"] Ең бірінші логотип Фото: advertiser-school.ru[/caption]1968 жыл Puma үшін айрықша жыл еді. Себебі, компания танымал баскетболист Уолтер Фрейзермен келісімшартқа отырып, спортсменге арнайы сериямен дара өнімдерді дайындайды. Puma аяқ киімдерін киген спортсмендер Мехикода өткен олимпиадалық ойындарда 4 алтын медальды жеңіп алады.
Футбол патшасы Пеле мен Puma
Арадағы өкпе-ренішке қарамастан, Адольф пен Рудольфтың ұлдары Армин мен Хорст жарнамаға қомақты қаржы жұмсамас үшін, танымал футбол жұлдыздарымен келісімшартқа отырмауға уәделескен. Алайда уәдені бәрі бірдей орындай бермейді. Екі бренд те Оңтүстік Америкада үлкен сұранысқа ие болатын. 1970 жылы футболдан кезекті Әлем чемпионаты басталарда Армин Дасслердің Рио-де-Жанейродағы агенті оңтүстік америкалық футболистермен жақынырақ танысып, Puma кроссовкаларында футбол ойнау екі есе оңай екенін дәлелдеп, олардың көңілін баурап алды. Нәтижесінде, футболшылар алаңға Puma аяқ киімдерін киіп шығуға келісті. Puma брендін жақсы білетін Пеле компания өкілдерінің бірден өзіне емес, басқа футболистермен келіссөз жүргізгеніне наразылық танытады. Puma агенті футболшының өкпесін естіп, тәуекелге бел буып, Пеленің қолы қойылған келісімшартты Армин Дасслерге жеткізеді. Осылай Адольф пен Рудольфтың тұсында басталған бауырлар арасындағы өшпендік балалары Армин мен Хорсттың арасында да жалғасын тапты.
Бір қызығы, компания Пелеге футбол тарихындағы маңызды матч басталмас бұрын тура орталық айналымда тұрып, аяқ киімдерінің бауын байлағаны үшін қомақты қаржы төлеген екен.
https://www.youtube.com/watch?v=ZpYlGhsAXLEPuma компаниясының жаңа дәуірі
1990 жылы дағдарыс тек Adidas компаниясына ғана емес, Puma брендіне де өз кесірін тигізді. Puma тұтынушылары брендтің өзге брендтерден еш айырмашылығы жоқ және ол тек басқа танымал маркаларға еліктейді деуменен, компанияның өнімдерінен бас тартты. Мүмкін бас директор Йохан Зайтцтың тапқырлығы болмаса, Puma ғұмыры ұзаққа созылмас та еді деген пікір бар. Ол компанияға бұрын-сонды аяқ киім фабрикаларының тарихында болмаған, қайталанбас стильді қалыптастырып, Puma брендін әркім киіп көруді армандайтын брендке айналдыру үшін көпшіліктің назарына sportlifestyle деп аталатын жаңа аяқ киім топтамасын ұсынды.
Puma Джил Сандер, Ясухиро Михара сынды дарынды дизайнерлермен бірігіп жұмыс істеп, аяқ киімнен бөлек, сәнді әрі саны шектеулі киімдер мен бұйымдарды шығарумен айналысты. Алғашқы кезде компания жалпы алғанда спорттық киімдерді шығарумен айналысса, 1990 жылдардан бастап спорттың түрлеріне қарай бір-бірінен ерекшеленетін киімдерді тіге бастады. Сонымен қатар, кішкентай балаларға да аяқ киім шығаруды ұйғарды.
1991 жылы компания былғары өндіруден үздік саналатын ұлыбританиялық Pitta компаниясымен келісімшартқа отырып, cуға төзімді Puma Soccer 2000 атты былғарының жаңа түрін ойлап табады. Оны пайдаланып, Puma king деген сериямен шығатын аяқ киімдерді өндірді. Дәл осы кроссовкаларда Чехияның футбол құрама командасы Әлем чемпионатының финалына шыққан екен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, компания сәнді, ыңғайлы спорт киімдерін шығаруды басты мақсатына айналдырғаннан кейін, 1998 жылы тек спорт пен сән әлеміне елеулі өзгерістер енгізді. Жеңсіз жейделерді, футболға арналған түрлі түсті бутсыларды шығарып, дәл осындай спорттық костюммен де адамдардың әдемі, сәнді көрінетінін дәлелдеді. Ал 2004 жылы футбол тарихында алғаш рет Камерун мемлекетінің спортсмендері алаңға комбинезон киіп шықты.
Ең алғашқы концептуалды дүкен
1999 жылы Puma бокс жұлдызы Де Ла Хойямен және Ұлттық баскетбол қауымдастығының 9 командасымен келісімшартқа отырғаннан кейін, америкалық футбол лигасымен қайтадан бірігіп жұмыс жасап, NFL АҚШ-тың ресми серіктесіне айналады. Ал 2001 жылы болса Калифорния штатында орналасқан Санта-Моника қаласында компанияның алғашқы концептуалды дүкені, ал Сан-Франциско және Нью-Йорк, Мәскеуде ресми өкілдігі ашылады.
[caption id="attachment_89954" align="aligncenter" width="720"] Фото: storeinteriors.ru[/caption]Бүгінде Puma қарамағында дүнежүзі бойынша 120 концептуалды дүкен бар. Бұл мекемелерде спорттық киімдерден бөлек түрлі бұйымдар, ұялы телефон мен иіс су да сатылады.
https://www.youtube.com/watch?v=74iN7Sil2DA BTS және PumaКомпания киімдердің сапасын, әсемдігін бірінші орынға қоятыны белгілі. Дегенмен, оның сондай-ақ жарнамаға да үлкен мән беретінін ұмытпағанымыз жөн. Рианна, Селена Гомес, Кайли Дженнер сынды ірі әлемдік жұлдыздар дәл осы брендтің үздік амбассадорлары ретінде танылған. Ал 2018 жылдан бастап кореялық дарынды BTS тобы компанияның әлемдік амбассадорлары атанды. Жалпы BTS 4 жыл қатарынан брендтің модельдері ретінде компаниямен жұмыс жасап көрген. Сондықтан олар жер бетіндегі жетекші брендтің бет-бейнесі болуға лайық.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024