Ресей. 30 қыркүйек. 7kun.kz – Ресей президенті Владимир Путин Украинаның Запорожье мен Херсон облыстарын тәуелсіз деп тану туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы BBC ақпарат агенттігі хабарлады.
Құжаттар құқықтық ресми интернет-порталында жарияланды.
«Халықаралық құқықтың жалпылай қабылданған қағидаттары мен нормаларына сәйкес, БҰҰ Жарғысында бекітілген халықтардың тең құқықтары мен өзін-өзі билеу қағидасын растай отырып, мен 2022 жылы 27 қыркүйекте өткен референдумдағы Херсон облысы халқының еркін ескеріп, Запорожье және Херсон облысының тәуелсіздігін мойындау туралы шешім қабылдадым», – делінген құжатта.
Айта кетейік, 22 ақпанда Владимир Путин Донецк және Луганск халық республикаларының (ДХР және ЛХР) тәуелсіздігі туралы айтты. Қыркүйектің 23-і мен 27-сі аралығында ДХР мен ЛХР-да, сондай-ақ ресейлік әскерилердің бақылауындағы Запорожье және Херсон облыстарының аумақтарында Ресейге қосылу мәселесі бойынша референдум өтті. Жергілікті сайлау комиссияларының мәліметінше, ДХР-да референдумға қатысушылардың 99,23%-ы Ресейге қосылуды қолдаған, ЛХР-да 98%, Херсон облысында 87%, Запорожье облысында 93%.