Астана. 15 қараша. 7kun.kz – 2022 жылғы қыркүйек пен қазанда қанша қазақстандықтың ресейлік азаматпен неке қиғаны белгілі болды. Бұл туралы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті хабарлады.
«2022 жылдың қыркүйегі мен қазанында Қазақстан Республикасы аумағында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының азаматтары арасында 485 неке қиылған», – делінген хабарламада.
Некесін қиғандардың орташа жасы ерлерде 26-29 жас, әйелдерде 23-28 жас.
Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде 494 қазақстандықтың Ресей азаматымен некесі қиылған.
Аймақтар бойынша соңғы екі айда ең көп неке Алматы – 94 (2021 жыл – 75), Астана – 51 (2021 жыл – 46) және Қарағанды облысында – 45 (2021 жыл – 49) тіркелген.
Зерттеу бойынша кейінгі жылы Қазақстан мен Ресей азаматтары арасында тіркелген некелер санының 14%-ға төмендеген. 2021 жылдың 10 айында – 2153 неке, 2022 жылдың 10 айында 1851 неке қиылған.