Алматы. 5 ақпан. 7kun.kz – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша, 2019 жылғы қаңтарда инфляция 0,5%-ды құрады.
Баға азық-түлік тауарларына өткен айда – 1,3%, азық-түлік емес тауарларына 0,3%-ға жоғарылады, ал ақылы қызметтерге 0,2%-ға төмендеді.
Өткен айда бағаның өсуі жаңа жиналған көкіністерге – 12,2%, жұмыртқаға – 2,1%, мәйекті ірімшікке – 1,5%, күрішке – 1,3%-ға, құс етіне, жылқы етіне – 1,2%-дан, сары майға – 1,1%, шұжық өнімдеріне – 0,9%-ға, ет өнімдеріне, ұнға – 0,8%-дан, қой етіне, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдеріне – 0,7%-дан, макарон өнімдеріне, жаңа сауылған сүтке, күнбағыс майына, шошқа етіне, кондитерлік өнімдерге 0,5%-дан белгіленді. Темекі өнімдері – 3,6%, алкогольді ішімдіктер 0,8%-ға қымбаттады. Бағаның төмендеуі құмшекерге 1,4%-ға тіркелді.
Баға өсімі тоқыма бұйымдарына – 1%-ды, фармацевтикалық өнімдерге, жеке қолданатын тауарларға, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 0,8%-дан, автомобильдерге – 0,7%, жуғыш және тазалағыш құралдарға – 0,6%, киім және аяқ киімге, тұрмыстық аспаптарға 0,5%-дан құрады. Тас көмір – 1,7%, бензин – 1,2%, баллондағы сұйытылған газ 0,3%-ға арзандады.
Баға деңгейі құқықтық, жеке көлiк құралдарын сақтандыру қызметтеріне – 5%-дан, денсаулық сақтау қызметтеріне – 0,9%-ға, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметтеріне – 0,7%-дан, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне 0,6%-ға өсті. Жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы – 7,9%, темір жол көлігімен 4,2%-ға арзандады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер орталықтан жылытуға – 3,6%, кәрізге – 2,1%, суық суға – 2%, электр энергиясына – 1,4%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 0,4%, қоқыс шығаруға 0,3%-ға төмендеді.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024