Қаңтар-сәуір айларында банктердің онлайн жүйелері арқылы күніне 2,6 млн операция жасалған

Төрт айда онлайн қызметті қолданушылар 12,3 трлн теңге сомасына 714,6 млн операция жүргізген. Бұл өткен жылдың алғашқы төрт айымен салыстырғанда сома бойынша 53%-ға, ал саны бойынша 72%-ға артық. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк хабарлады.
Қолма-қол ақшасыз жүргізілген операциялардың жалпы көрсеткіші 2019 жылдың ұқсас кезеңіндегі 39%-дан 62%-ға дейін ұлғайған.
Қаңтар-сәуір айы аралығындағы қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі мен саны - 7,6 млрд. теңге сомасына 615,3 млн. транзакцияны құрады. Өткен жылдың осындай уақыт аралығында бұдан екі есе аз операция жүргізілген болатын.
Негізінен қолма-қол ақшасыз операциялар онлайн каналдар бойынша жасалған: банктердің онлайн жүйелері арқылы күніне орташа есеппен 48,7 млрд. теңге сомасына 2,6 млн. операция жүргізілген.
Төлем карточкаларын ұстаушылар күніне орташа есеппен 5,1 млн. қолма-қол ақшасыз және 827 мың қолма-қол ақша шешу операцияларын өткізген. Бір қолма-қол ақшасыз операцияның орташа сомасы 12 298 теңгені құраса, қолма-қол ақша шешу операцияларының орташа сомасы 47 598 теңгені құраған.
Алайда, сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда төлем карточкаларын қолдана жүргізілген операциялар көлемінің 21%-ға азаюы байқалады. Қолма-қол ақшасыз жүргізілген операциялар 18%-ға, ал қолма-қол ақша шешу операцияларының көлемі 25%-ға қысқарған. Бұл елдегі карантинға байланысты енгізілген шектеулер нәтижесіндегі халық белсенділігінің азаюы себебінен болып отыр.
