Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне сұхбат берді.
Дархан Қыдырәлі: Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің Президент лауазымындағы алғашқы сапарыңыз киелі Түркістаннан басталды. Біз де сұхбатымызды осы игілікті сапар жайынан бастағымыз келіп отыр…
– Иә, мен үшін бұл елеулі, маңызды сапар болды.Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары.
Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа жиі ат басын бұратынын білесіздер.
Меніңше, мұның бірінші себебі – халқымыз үшін аса қастерлі саналатын мекенге тәу ету және ата-баба аруағына, аманатына деген құрмет болса, екінші себебі – Ұлы дала еліндегі кешегі, бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына деген адалдықта жатыр. Мұндай сакральды ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келеді деп ойлаймын. Соның біздің заманымыздағы жарқын бір көрінісі – Елбасымыздың Түркістан облысын құрғаны. Өңірге киелі мекеннің атын бере отырып, Тұңғыш Президент тарихи әділеттілікті қалпына келтірді, мемлекеттің іргесін мығымдап, жалпыұлттық сәйкестік пен береке-бірлігімізді еселеп нығайтты. Ендігі жерде мемлекет Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласын, өңірін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оздырмай қолға алуы керек. Өңірдегі инфрақұрылымды дамыту, туристік саланы жандандыру, өндірісті өркендету – осының бәрі халқымыздың әл-ауқатының барынша жақсаруына негіз болады. Оның үстіне, оңтүстік өңір – еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор екені айтпаса да түсінікті. Сапар барысында мен облыстың даму жоспарымен, жалпы жағдайымен мұқият таныстым. Алда атқарылатын шаруалар бастан асады. Ол шаруалардың барлығын асықпай-аптықпай, жүйелі, кешенді түрде атқаруымыз өте маңызды.
Дархан Қыдырәлі: Рұқсат болса, алғашқы сұрақты жалғастыра кетсем. Сіз осы сапарыңызда қасиетті орындарға тағзым етіп, жұртшылыққа өзіңіздің ең басты ұстанымдарыңызды да жеткіздіңіз. Сол ұстанымдарды тарқатып айтып берсеңіз.
– Менің Түркістан облысына сапарым халқымыздың ұлық мейрамы Наурызбен тұспа-тұс келді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әлем жұртшылығы Қазақстандағы аса жауапты, тарихи оқиғаның куәсі болды. Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы ұлы тұлға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. Бұл тағдырлы шешім жаһандық деңгейде, тарихи ауқымда танылған саяси қайраткердің кемеңгерлігі мен парасаттылығын әлемге тағы да танытты, мойындатты. Елбасы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді.Менің де Президент ретіндегі негізгі ұстанымым мен өмірлік көзқарасым осы бағыттан ауытқымайды. Жоғарыда айтып өткенімдей, елдің өркендеу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақтылық та, даму да болмайды. Екінші ұстанымым – әділеттілік. Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастау алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ. Үшінші ұстанымым – тек алға басу, даму жолымен жүру. Өздеріңіз білесіздер, біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында өз мүддемізді қорғауға, өз мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ көп нәрседен ұтыларымыз анық. Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлылықты көтермейді. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде, жоғары технологиялық, цифрлы кеңістікте жаһандық дамудан он жыл артта қалсақ, жүз жыл оның орнын толтыра алмайтынымызды естен шығармайық. Елбасының дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз, шиеленіссіз жүзеге асты. Бұл болашақ үшін, мемлекеттің тұрақтылығы мен ұдайы дамуы үшін жасалған бірегей қадам екенін ұмытпауымыз керек. Біздің ендігі міндетіміз – осы жолдан, осы бағыттан ауытқымай, тек алға басу, өсу, өркендеу. Кері кетсек, тарих та, болашақ ұрпақ та бізді кешірмейді.
Нұртөре Жүсіп: Халықаралық сарапшылар билік тізгінінің бейбіт жағдайда берілуін Орталық Азия тарихында бұрын-соңды болмаған ғаламат тарихи оқиға деп жазып жатыр. Кейбір сарапшылар келешекте екіұдайылық орын ала ма деп қауіптенетін секілді. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиындыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Түрлі сәуегейлік жасаушылар бұрын да болған, қазір де, кейін де бола береді. Ең бастысы, біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік. Тағы да қайталап айтамын, бұл ең алдымен, Елбасының парасаттылығы мен көрегендігін және халқымыздың даналығын көрсетеді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді, жұртымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік. Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бәрі заң шеңберінде өтті. Және мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын және ешқандай «екіұдайылыққа» жол бермеймін.
Дархан Қыдырәлі: Сіз күні кеше облыс әкімдерімен өткен кеңесте әкімдерге халыққа жақын болуды, жұртты мазалаған мәселеге жедел жауап қайыруды тапсырдыңыз. Жалпы, елді бір ғимаратқа жинап, алдын ала сұрақтар дайындатып, есеп беру деген форматты да өзгертетін уақыт келген жоқ па?
– Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын. Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей. Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе. Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс. Әрбір шенеунік жүргізіліп жатқан реформалардың, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мән-мақсатын халыққа нақты әрі ұғынықты жеткізе білуі тиіс. Шенеуніктердің бір осалдығы – халықпен қалай сөйлесу қажеттігін білмеуі.Сондықтан мен Мемлекеттік басқару академиясының базасында арнаулы курстар ашып, оларға халықпен белсенді қарым-қатынас жасайтын шенеуніктерді жіберу керек деп ұйғардым. Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым. Бұл аудандардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет.
Нұртөре Жүсіп: Сіз өз қызметіңізде Елбасының стратегиялық бағыт-бағдарын жалғастырудың маңызды екенін қадап айтып, осы тұрғыда жемқорлықпен күрес, әділеттілік туралы жиі айтып жүрсіз. Бұл – қоғам үшін аса қажет құндылықтар. Әсіресе, бүгінгі таңда. Ал осы құндылықтар енді мемлекеттік саясатта қалай көрініс таппақ?
– Қоғамдық құндылықтар – сан ғасырлар бойы халықтың санасында пісіп-жетілетін ізгілік категориялары, моральдық іргетас. Ізгі құндылықтар – қоғамның иммунитеті.Алайда, әр заманның, әр қоғамның өне бойына батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерттер болады. Жемқорлық – сол қоғамдық санаға сына қағатын қасірет. Бүгінде жемқорлық қоғамдық өмірдің көптеген тұстарын жайлағаны жасырын емес. Иә, Үкімет өз тарапынан заң аясында күресіп жатыр. Бұл аздық етеді. Егер әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жемқорлықты жеңу үшін тек қана қатаң жаза ғана емес, жан-жақты кешенді іс-әрекеттер қажет. Жемқорлықпен күрес ымырасыз жүруі тиіс және бұл тек Үкіметтің ғана емес, әрбір адамның міндетіне, керек десеңіз парызына айналуы тиіс.
Жақында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына осы бағытта нақты тапсырмалар бердім. Ұлы гуманист Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген әйгілі нақылы бар ғой. Ең бастысы, қоғамдық пікірге, әр адамның санасына осы кеселге үзілді-кесілді қарсы тұратындай күш пен сенімді сіңірмесек, түпкілікті өзгеріс жасамасақ, барлық әрекетіміз нәтижесіз күреске айналуы мүмкін.
Жалпы, әділеттілік – қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық. Ол жоғалған сәтте азаматтар арасында наразылық туындайды.
Бұл құндылық алдымен мемлекеттік саясатта көрініс табуы керек деп санаймын. Нақтырақ айтсақ, заң алдында барлық азамат тең құқылы болуы тиіс. Қылмыс жасаған азаматтар лауазымына қарамай заң шеңберінде жазалануы шарт.
Әсіресе, жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс жасауына теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз.
Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет.
Дархан Қыдырәлі: Nur Otan партиясының XVIII съезінде айтылған «Әлеуметтік қамқорлық» жобасын жалғастыру үшін Сіз бірқатар бастаманы белгіленген уақытынан бұрын орындауға тапсырма бердіңіз. Осы орайда, бюджет шығыстарын қайта қарап, мақсатсыз қаржы жұмсауды доғару керектігін айттыңыз. Жалпы, бюджет саясатындағы Қазақстанның басымдықтары қандай болмақ?
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастамашы болған әлеуметтік бастамалар жалғаса береді. Оны жүзеге асыруға қажетті қаржы қарастырылды, тиісті шаралар легі айқындалды. Осыған дейін айтқанымдай, мен бірқатар бастамаларды межеленген мерзімінен ертерек қолға алуға тапсырма бердім.
Бюджет саясатында алдымызға қойылған нақты мақсаттар, жоспарлар бар. Мәселен, мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға, ұлттық қордың активтерін тұрақтандыруға және оны сақтау ісіне басымдық беріледі. Бұл орайда тиісті лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктедім. Бюджет қаржысы экономикалық жағынан маңызды әрі табыс әкелетін салаларға жұмсалуы керек. Барлық шешімдер алдын ала жан-жақты зерттеліп, экономикалық прагматизм тұрғысында қабылданғаны жөн. Бұл қаражаттың тиімді жұмсалуына әсер етеді. Бюджет тапшы кезеңде қыруар қаржының игерілмей қалуына жол берілмеуі керек.
Өздеріңіз білесіздер, еліміздегі бірқатар даму бағдарламаларының табысты жүзеге асуына Ұлттық қор ерекше ықпал етті. Бюджетке кепілдендірілген және мақсатты трансферттерге Ұлттық қордан өте көп қаржы жұмсалды. Ендігі кезекте трансферттер көлемін біртіндеп азайтқан жөн. Қор қаражатын инвестициялау құрылымын жақсарту саясаты сауатты жүргізілуі керек. Ұлттық қордың игілігін көру – болашақ ұрпақтың еншісінде.
Дархан Қыдырәлі: Әлеуметтік блокқа республикалық бюджеттің 45 пайыз үлесі жұмсалады. Бұл қаражат салыстырмалы түрде аз емес. Әлеуметтік саясатты жетілдіруге және оңтайландыруға қатысты көзқарасыңызды білсек деп едік. Жалпы, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қатысты не айтасыз?
– Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түспейді. Біз, тіпті, экономикалық жағдай қазіргіден әлдеқайда қиын кезеңде де еліміздегі әлеуметтік ахуалға ерекше көңіл бөлдік қой. Мысалы, көп балалы аналардың жағдайы жалпы әлеуметтік саланың барометрі болып табылады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни, адами капиталды дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Аналарымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек.
Алдағы уақытта әлеуметтік салаға 2 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалатынын білесіздер. Аз қамтылған көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынады. Өңірлерге жасаған сапарымда мен облыстардағы баспана құрылысының жүргізілу барысын жіті қадағалайтын боламын. Еңбекақыны өсіру, денсаулық сақтау саласын ілгерілету, демографияны дамыту, өңірлердегі инфрақұрылымдарды жақсарту сияқты жұмыстардың бәрі жоспарлы түрде іске асырыла береді. Бұл – бұлжымайтын жоспар.
Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз.Елбасы әлеуметтік әділетті мемлекет құру бағытында орасан зор жұмыс атқарды. Биылғы Жастар жылының ашылуы және Nur Otan партиясының ХVIII съезінде берген бес әлеуметтік бастамасы мен тапсырмалары кешенді жүзеге асырылатын болады. Мен бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің еңбекақыларын бір ай бұрын – 1 маусымнан бастап өсіруді тапсырдым. Аталған шара миллионнан астам қызметкердің өміріне оң ықпал ететін болады.
Азаматтарды бірінші кезекте не толғандырады? Әрине, баспана мәселесі. Осыған байланысты әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер бөлу қарастырылып отыр. Әкімдер бұл іске биылғы мамырдан бастап кіріседі. Біз, алдымен әр қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаймыз. Сондықтан халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық сипаттағы мәселелерге назар аудару қажет. Бұл – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы, яғни жылумен және сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесі, сондай-ақ жолдар, газдандыру мәселелері, экология және қауіпсіздік түйткілдері. «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» жобалары осы міндеттерді орындауға бағытталған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін алдағы үш жылға триллионнан астам теңге қарастырылып отыр.
Алайда, Үкімет пен әкімдер бюджет қаржысы түпсіз құдық еместігін ұғынуы тиіс. Бөлінген қаржы нақты экономикаға жедел жетуін қамтамасыз ету қажет. Осы орайда, аталған жобаларға отандық өндірушілердің барынша мол тартылуын бақылауға алуды тапсырдым. Бұл әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар өңірлердің экономикасын ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірлер мемлекеттің әлеуметтік саясатын жүзеге асыруға белсенді атсалысуы қажет. Бүгінде әкімдіктер әлеуметтік көмектің оннан астам түрін көрсетеді. Олардың ішінде жәрдемақы төлеу, баспанамен қамтамасыз ету, жол жүру жеңілдіктері, тегін тамақ беру және басқалары бар. Алайда, тұтастай алғанда, өңірлерде әлеуметтік қолдау шараларына 5,3 пайызға жуық қаржы бөлінеді. Әлеуметтік төлемдердің айтарлықтай бөлігі республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Қолданыстағы бюджет теңдестірілмеген және қайта форматтауды талап етеді. Бюджеттің толығу көздеріне жан-жақты сараптама жүргізілмейді. Екіншіден, бюджеттің «өндіріссіз шығындары» бар. Көптеген қажетсіз, жөнсіз шығынға жол беріледі.
Сонымен қатар халықтың нақты табыс табуына қатысты мәселелерді тек бюджеттік шығындар есебінен шешу мүмкін емес екенін де түпкілікті түсінгеніміз жөн. Біз бюджетке қатысты көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Мысалы, жергілікті әкімдер көлікті, жиһазды аса қымбатқа сатып алады. Оған қоса жергілікті атқару органдары түрлі имидждік іс-шараларды өткізуге құмар. Осындай шығындарды тоқтатып, жергілікті бюджет қаржысын әлеуметтік іс-шараларға жұмсау керек. Жалпы, ысырапшылдыққа тосқауыл қою қажет, сондай-ақ бюджеттің жымқырылуын мүлдем жою керек.
Масылдық пиғылға да жол бермеуіміз керек. Азаматтарымыз үшін ең ұтымды әлеуметтік қорғау – бұл өз бизнесін жүргізуге мүмкіндігінің болуы немесе білікті еңбегі үшін лайықты еңбекақы алуы.
Нұртөре Жүсіп: Жастар жылына байланысты Үкімет жас отбасыларды қолдау жөнінде бірнеше шара дайындап отыр. Өзіңіз былтыр твиттер арқылы «тағы қаптаған форумдар, имидждік жобаларды ұйымдастыруға жол бермейік» деп пікір білдірдіңіз. Жалпы, жастарды қолдау қай тұрғыда жүргенін қалайсыз?
– Тұңғыш Президент – Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Жастар туралы пікірімді жоғарыда да айттым, жас ұрпақты қолдап, қорғау – болашақты қорғау. Биыл «Жастар – ел тірегі» арнаулы әлеуметтік жобасы іске қосылды. Заңнамаға өзгерістер енгізу, бюджеттен қаражат бөлу, инфрақұрылымды дамыту биыл – Жастар жылында шешілуі керек. Жастар жылы барысында жұмыспен қамту, баспанамен қамту, білім беру, өмірге бейімдеу, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жас ғалымдарды қолдау шаралары жалғаса береді.
Елбасының пәрменімен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы ширек ғасыр уақытта ел жастарына әлемнің үздік оқу орындарының есігін ашып берді. Мемлекет оқимын, тоқимын деп талпынған жас азаматтар үшін барлық жағдайды жасап отыр.
Осы сұхбатты пайдаланып, орта білім беру саласында үштілділік бағдарламасын жүзеге асырудың да маңызы зор екенін айтқым келеді. Ең алдымен, қазақ тілін және орыс тілін оқыту жүзеге асырылуы тиіс. Біздің балаларымыз үшін мұның мәні зор. Содан кейін ағылшын тілін үйретуге болады. Осылайша, біз болашаққа ашық көзбен қарайтын жаңа ұрпақты тәрбиелейміз.
Жастар саясатында, жастар тәрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды. Біз жастарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тәрибелеу ісін де басты назарда ұстау керек.
Дархан Қыдырәлі: Президент ауысқанда Үкіметтің де өзгеру ықтималдығы жоғары. Қазіргі Үкімет осы құрамда қала ма, әлде қандай да бір кадрлық өзгерістер бола ма? Жалпы, маман таңдауда қандай қағидат ұстанасыз?
– Президент ауысқанда Үкіметтің қоса ауысуы міндетті емес. Үкімет жақында ғана жасақталғаны белгілі. Қазір көптеген қауырт жұмыстар бар. Министрлерге нақты тапсырмалар берілді. Съезд тапсырмаларын орындау, көктемгі тасқын қаупінің алдын алу, егіс науқаны сияқты маңызды маусымдық міндеттер тұр. Сондықтан қазіргі кезде Үкіметті ауыстырудың қажеттілігін көріп тұрған жоқпын. Ал жекелеген Үкімет мүшелерінің қызметі олардың атқарған нақты жұмыстарына қарай бағаланатын болады.
Дархан Қыдырәлі: Ел өзінің жаңа басшысын тек газет, теледидар, сайт арқылы ғана емес, тікелей көрсек, білсек, сұрақ қойсақ дейді. Осы орайда облыстарға, өңірлерге қаншалықты жиі шығасыз және алда қай аймақтарға баруды жоспарлап отырсыз? – Мен ешқашан бұқарадан алыс болған емеспін. Өздеріңізге мәлім, біраз жылдан бері твиттер желісі арқылы өз ойларымды бөлісіп келемін. Сенат Төрағасы қызметін атқарған кезімде де ел ішіне шығатынмын. Сондықтан өңірлерге шығып, елдің тыныс-тіршілігімен танысу жоспарда тұр.
Нұртөре Жүсіп: Тұңғыш Президентіміздің «Алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымы өзгермейді дейсіз ғой?
– Дәл солай. Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік тарихқа аса көрнекті реформатор ретінде енді. Әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосылуымыз – Елбасының жүргізген сарабдал саясатының жемісі. Сондықтан шетелдік сарапшылар бұл реформаларды «Қазақстан жолы» немесе «Дамудың қазақстандық үлгісі» деп атайды. Қазір біздің еліміз – Орталық Азия өңіріндегі бірден-бір жетекші мемлекет. Даму жағынан посткеңестік елдер арасында алғашқылардың қатарындамыз.Ұдайы экономикалық өсім болмаса, осы дәрежеге жетуіміз екіталай еді. Инвестиция, экспорт және индустрияландыру – экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, оны әртараптандыруға қол жеткізудің шешуші факторлары. Қазіргі заманның қарқыны өте жылдам. Мемлекет пен бизнестің, сондай-ақ орталық пен өңірлердің жұмыстарын үйлесімді түрде жүргізуіміз керек. Бүгінде Қазақстан шетел инвестициясын тарту үшін қолайлы ахуал орнықтырды. Инвестиция өз-өзінен келе салмайды. Біз, бірінші кезекте, әлеуетті инвесторларға жағдай жасауымыз қажет. Әсіресе, шетел инвесторларына жер телімдерін бөлу, олардың инженерлік және электр желілеріне қосылуы, түрлі рұқсаттар алуына қатысты айтарлықтай тосқауылдар бар. Мәселені жедел шешудің орнына бюрократияға жол беріліп отыр. Соның салдарынан бірқатар облыста әкімшілік кедергілер мен жасанды шектеулер іскерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік бермей отыр. Сол себептен әлеуетті инвестордың салы суға кетіп, ол басқа елді таңдауға мәжбүр болады. Бұл жағдай тек шетелдік қана емес, отандық инвесторларға да қатысты. Үкіметке және әкімдерге осы проблеманы жедел шешу мәселесін қарастыру жөнінде тапсырма бердім. Инвестиция салуға кедергі келтіретін кез келген тиісті лауазымды тұлғаның жеке жауапкершілігі қаралуы қажет. Биыл Тікелей инвестициялар қоры құрылды. Елбасының шешімімен Ұлттық қордан 370 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қор өз жұмысын тиімді жүргізетін болса, осы жылдың ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Елімізге тартылған инвестициялар мен шикізаттық емес экспорттың көлемі министрлер мен әкімдердің қызметін бағалау ісінде шешуші көрсеткіш болады.
Нұртөре Жүсіп: Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері әлемдік деңгейде көпвекторлы саясат жүргізді. Өзіңіз екі рет Сыртқы істер министрі ретінде осы саясатты жүзеге асырдыңыз. Бүгінгі халықаралық аренадағы ахуал күрделі. Алдағы уақытта еліміздің сыртқы саясатында қандай бағыт ұстанбақсыз?
– Көпвекторлы саясат – Қазақстанның географиялық орналасуынан, геоэкономикасынан туындайды. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық бағыт. Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасы осы жолды ұстанды. Бұл стратегияның нәтижесінде біз мемлекетаралық қақтығыстардан, аймақтық текетірестерден алыс болдық. Әлем бізді бітімгер мемлекет ретінде таныды. Бітімгерлік миссиясы бүгінде еліміздің сыртқы саясатының басымдығына айналды. Қазақстанды Азиядағы бейбітшілік платформасы деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында Ресей, Қытай, Еуропа, АҚШ, Орталық Азия, Ислам әлемі елдерімен ынтымақтастыққа баса мән береді. Оған қоса, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында біршама интеграциялық үдерістерге бастамашы болды. Бұл бағытта дәстүр сабақтастығы сақталады, саясатымыз өзгермейді. Көпвекторлы стратегия алдағы уақытта да Қазақстан дипломатиясының басым бағыты болып қала береді.
Дархан Қыдырәлі: Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы болған Пан Ги Мун кезінде Сіз туралы «Бұл қызметте ұзақ отырмай, еліңізге аса жауапты қызметке оралатыныңыз белгілі» деп жазған екен. Әлемдік деңгейдегі саясаткердің бұл болжамын көріпкелдік деуге бола ма?
– БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқару – менің дипломатиялық жұмыс тәжірибемдегі елеулі сәттердің бірі. Бұл – әлемдік проблемалар көтерілетін әрі шешімін табатын БҰҰ маңызды өкілдігі. Әрине, сол кездегі Бас хатшы Пан Ги Мунмен бірге жұмыс істеп, онымен тұрақты байланыста болу құрметіне ие болдым. Ол кісінің бұл сөзі тек маған ғана емес, бүкіл Қазақстан дипломатиясына берілген жоғары баға деп есептеймін. Себебі бұл саладағы мамандарымыздың бәрі – әлемдік деңгейдегі кәсіби дипломаттар. Былтыр еліміздің БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы және әлемнің жүзден аса елдерімен бейбіт байланыс орнатуы осының айқын дәлелі.
Дархан Қыдырәлі: Сіз қашанда қазақ руханияты мен ұлт мәдениетіне жанашырлық танытып жүресіз. Қоғамда қазақ тілін дамытуға ерекше мән беріп келесіз. Елбасы 2020 жылға қарай елдегі барлық мектеп оқушыларының 90 пайызы мемлекеттік тілді меңгереді деп айтқан еді. Жалпы, мемлекеттік тілді дамыту үшін қандай шаралар атқарылу керек деп ойлайсыз? Қазақ тілінің дамуына көңіліңіз тола ма?
– Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет.Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз.
Нұртөре Жүсіп: Латын графикасына көшу жөнінде бірқатар шаралар атқарылды, емле-ереже қабылданды. Ендігі қадам қалай болмақ?
– Кез келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес. Бүгінде Қазақстан халқы да замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр. Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – рухани жаңғырудың ең шешуші кезеңдерінің бірі. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам. Осыған орай, Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы жарлығы шықты. Елімізде қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиін пайдалана бастаған құрылымдар бар. «Egemen Qazaqstan» газетінің де бір беті осы әліпбимен жарық көріп жатыр ғой. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ, қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі.
Нұртөре Жүсіп: Ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлы ХІХ ғасырдағы қазақтың мінез-қалыбын барынша өткір сынға алып еді. ХХІ ғасырдағы кердең мінезге нені жатқызар едіңіз?
– Даңғазалық, ысырапшылдық. Бізге даңғазалықты доғарып, ысырапшылдықтан арылу қажет. Осы туралы бұрынырақта, әлеуметтік желіде пікірімді де жаздым.Ұлы Абай «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды» дейді. Бізге надандықтан құтылу қажет.Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік, ұлттық ұстанымға адал, білімді, өткір, отаншыл жастарымыздың тұтас бір буыны қалыптасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Олар Абай айтқан бес асыл іске берік – талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса – онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!– Уақыт тауып, әңгімелескеніңіз үшін көп рахмет!
Сұхбаттасқандар:
Д.ҚЫДЫРӘЛІ,
Н.ЖҮСІП
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024