Нұр-Сұлтан. 9 мамыр. 7kun.kz - Қазақстанда Жеңістің 77 жылдығын небәрі 376 ардагер, 68 347 тыл еңбеккері ғана қарсы алып отыр. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің құттықтауында айтты.
"9 мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл – жанқиярлықпен ел қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым ететін күн. Бұл – фашизмді жеңген ерлердің ерен ерлігін жадымызда жаңғыртатын күн", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде қан майданның қияметін басынан өткерген ардақты аға буынның қатары жыл өткен сайын сиреп келе жатқанына өкініш білдірген.
"Қазақстанда Жеңістің 77 жылдығын небәрі 376 ардагер, 68 347 тыл еңбеккері ғана қарсы алып отыр. Еліміздің барша азаматтары өздеріңізге бас иеді. Мемлекет соғыс ардагерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Олар қоғамымыздың да құрметін көріп, қамқорлығына бөленуге тиіс. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Жеңіс күні құтты болсын!", деді Президент.
Мемлекет басшысы бүгін сондай-ақ, «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті.