"Қазақмыс" – Қазақстандағы ең алып мыс өндіруші, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу бойынша жетекші халықаралық компания. Мыс өндірісі кенді өндіруден бастап, соңғы өнім - катодты мыс пен мыс сымдарды шығарғанға дейін толығымен біріктірілген.
Компания тарихы
Корпорацияның тарихы 1913 жылдан бастау алады. Осы Жезқазған кенішінде ең алғашқы ауқымды тау-кен жұмыстары басталды. Мыс рудасы ағылшын азаматы Лесли Уркарт басшылық еткен «Спасск акционерлік қоғамының» Сарысу кен байыту фабрикасында өңделіп, дайын өнімге айналдырылды. Кәсіпорын 1920-шы жылдары Қазан төңкерісінен кейін мемлекет меншігіне өтті.
1928 жылы - академик Михаил Петрович Русаков Қоңырат мыс кенішін ашты. Кейін ол Балқаш кешенінің негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Қарсақпай мыс балқыту зауыты іске қосылды.
1938-1958 жылдары - Балқаш мыс балқыту зауыты ашылды.
1971 жылы - Жезқазған мыс балқыту зауыты - «Жезказганцветмет» ӨБ іске қосылды.
1992 жылы - Қазақстан үкіметі «Жезқазғанцветмет» АҚ деген атаумен компания құрды. Кейін қуаттылықты қалпына келтіру, рентабельділігін арттыру және инвесторлар тарту мақсатында жеке меншікке берілді.
1995 жылы - Компанияны Корейдің Самсунг корпорациясы басқаруға кірісті. 1996 жылы Самсунг корпорациясы Қазақмыс компаниясы акциясының 40 пайызын сатып алды. Кейін оны сатып жіберді.
1997 жылы - Компанияға жаңа атау берілді - «Қазақмыс», корпорациясының қалыптасу кезеңі жүрді. 2005 жылға дейін компания даму кезеңін бастан кешті, кеніштер мен кәсіпорындарды игерді, интеграцияланған өндіріс орнын құру үшін активтерін шоғырландырумен айналысты. Қазақмыс әлемдегі мыс өндіретін ірі интеграциялық компанияға айналды.
2005 жылдың қазаны - "Қазақмыс" өз акциясын Лондон қор биржасына орналастырған Қазақстандағы тұңғыш компания атанды. Сол жылдың желтоқсан айында корпорация Ұлыбританияның ірі листингтік компаниялар тізіміне (FTSE 100) енгізілді.
2006 жылы - "Қазақмыс" Қазақстан экономикасының дамуына ықпал еткісі келетінін көрсету мақсатында өз акцияларын Қазақстан қор биржасына шығара бастады.
2008 жылы - Қазақмыс Қазақстандағы көмірмен жұмыс істейтін «Екібастұз ГРЭС-1» электр станциясын сатып алды.
2011 жылы - Компания электростанциядағы үлесінің 50 пайызын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на сатты. Бұл шешім 2008 жылдың мамырында аталған электр станциясын сатып алу барысында қабылданған. Сондай-ақ, компания Eurasian Natural Resources PLC (ENRC PLC) корпорациясының қосымша акция пакетін сатып алып, ондағы үлесін 26 пайызға дейін арттырды. Бұдан бөлек, Гонконг қор биржасының қайталанба листингіне ену компанияның Азиядағы ықпалын арттыру стратегиясының бір бөлігі болды.
2011 жылы - Директорлар кеңесі Бозшакөл кенішін игеру туралы құжаттарды бекітті. Жоба 2012 жылы іске қосылды.
2012 жылы Екібастұз ГРЭС-1 станциясындағы ауқымды инвестициялық бағдарлама шеңберінде №8 энергетикалық блок іске қосылып, станцияның ток өндіру қуатын 3 000 МВт жеткізді.
2015 жылы - «Жезқазғантүстімет», «Қарағандытүстімет» және «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестіктерінің тау-кен кәсіпорындары басқару аппараты Жезқазған қаласында орналасқан Тау-кен өндірістік кешені болып қайта ұйымдастырылды.
2016 жылы - «Қазақмыс» компаниясының қаражаты есебінен Жезқазғандағы Медициналық орталықта дәрігер Сергей Михайлович Бубновскийдің әдісімен бірегей кинезитерапия Орталығы ашылды. Жобаның құны – 82 миллион теңге. Орталықтың мақсаты: компания жұмысшылары мен аймақ тұрғындарын және тіреу-қозғалу аппараты ауруына шалдыққандарды сауықтыру, оның ішінде «Қазақмыс корпорациясы» жұмысшыларының алғаш рет мүгедектікке шығу көрсеткішін 30% ға азайту, әрі қарай да төмендету.
2017 жылы - «Қазақмыс корпорациясында» «Project Management Professional» (Жобаларды басқару маманы) сертификациясынан өтетін алғашқы үміткерлер белгіленді.
2018 жылы - «Қазақмыс Холдинг» ЖШС құрамына кіретін «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытында 10 жылдық үзілістен соң екінші кен қыздыру пеші өз жұмысын қайта бастады.
Негізгі қызмет түрлері
«Қазақмыс» табиғи пайдалы қазбаларды іздеу, барлау, өндіру, байыту, өңдеу жұмыстарын жүргізеді және мыс пен басқа да пайдалы қазбаларды экспорттайды. Компания катодты мыс өндіруден бөлек, алтын және күміс құймаларын, күкірт қышқылын, мыстың теллурит және селен түрлерін, қорғасын тозаңын шығарады.
Кәсіпорын туралы
«Қазақмыс корпорациясы» жоғары өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуеті, қажетті энергетикалық және жылыту ресурстары, заманауи технологиялық және телекоммуникациялық жүйесі, біліктілігі жоғары мамандары бар, бір сөзбен айтқанда өндірістің көлемін арттырып, одан әрі дамуға мүмкіншілігі мол кәсіпорын.
Басшылық
Владимир Сергеевич Ким - Казақмыс Президенті, «KazakhmysHolding (Казахмыс Холдинг)» ЖШС Президенті.
Эдуард Викторович Огай - «КazakhmysHolding (Казахмыс Холдинг)» директорлар Кеңесінің және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС директорлар Кеңесінің Төрағасы.
Амангелді Мұхамедқалиұлы Минигулов - "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Кен-байыту кешенінің Бас директоры
Әділет Назарбайұлы Барменкулов - "Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры.
«Қазақмыс» тобы құрамындағы кәсіпорындар:
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС:
- «Жезқазғантүстіметалл» ӨБ; Жезқазған және Жыланды тобы және Жаман Айбат кен орындарын өңдеумен айналысады.
- «Балқаштүстіметалл» ӨБ: Шатыркөл, Қоңырат, Саяқ,Тастау, Солтүстік Николаевск, Белоусов кен орындарын өңдеумен айналысады.
- «Қарағандытүстіметалл» ӨБ; Нұрқазған, Абыз, Ақбастау және Құсмұрын кен орындарын өңдеумен айналысады.
- Байыту фабрикалары- Сәтбаев, Жезқазған № 1,2, Балқаш, Нұрқазған, Қарағайлы.
«Sayk-4 Project» ЖШС, Саяқ-4 кен орнын өңдейді.
«Анисимов ключ Project» ЖШС, Анисимов ключ кен орнын өңдейді.
«Айдарлы Project» ЖШС, Айдарлы кен орнын өңдейді.
«Жанашыр Project» ЖШС, Жайсаң кен орнын өңдейді.
«Kazakhmys Coal» ЖШС, «Молодежный» көмір разрезін және «Қушоқы» көмір разрезін өңдейді.
«Kazakhmys Energy» ЖШС:
- Балқаш ЖЭО.
- Жезқазған ЖЭО.
- БТЭС.
«Kazakhmys Smelting» ЖШС:
- Жезқазған мыс балқыту зауыты.
- Балқаш мыс балқыту зауыты.
- Мыс сымдар зауыты.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Kazakhmys» Тобына жатады. Минералды-шикізат базасын нығайту және қамтамасыз ету мақсатында барлау жұмыстарын жүргізу үшін топ құрамынан «Kazakhmys Barlau» ЖШС компаниясы құрылды. Қазіргі таңда «Қазақмыс корпорациясы» жер қойнауын пайдалану туралы 30 дан астам келісімшарттың негізінде пайдалы қазбаларды барлау және өндіру жұмыстарын жүргізуде.
«Қазақмыс» пайдалы қазбаларды өңдеу саласында және кен орындарында Бөрлі, Жоғары бьеф, Эскула жер асты суларын жинап, пайдалануда тәжірибесі мол компания. Корпорация заңды тұлға болып есептеледі және өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүргізеді. Кәсіпорынның қаржылық жағдайы тұрақты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024