Алматы. 3 қыркүйек. 7kun.kz – 2019 жылы экспортқа шамамен 7 млн тонна қазақстандық астық пен ұн жіберу жоспарлануда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
«Жаңа егіннің астығын экспорттау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Әдетте біз астық таситын көліктердің жетіспеушілігін байқаймыз, биылғы жылы басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мерзімінен бұрын жұмыс істеп жатырмыз, логистика бойынша жұмыс жүргіземіз. ҚТЖ-мен бірлесіп штаб құрылды, өткізу нарықтары анықталды. 2019/2020 маркетингтік жылы астық пен ұнның экспорттық әлеуеті шамамен 7 миллион тоннаны құрайды», - деді Сапархан Омаров.
Жалпы республика бойынша дәнді дақылдардың жинау алаңы 15,2 млн га құрайды, оның 4,8 млн гектары жиналды, бұл 31%-ды құрайды. Орташа өнімділігі гектарына 11,5 центнер болғанда 5,5 млн тонна бидай бастырылды.
Сонымен қатар, Қостанай және Ақтөбе облыстарында ыстық жаз егіс жағдайына теріс әсерін тигізді. АШМ мәліметінше, 8 694,6 мың гектар дәнді дақылдар жақсы жағдайда, 33,4% немесе 4 978,7 мың гектар – қанағаттанарлық, қалған 8% немесе 1 191 мың гектар – қанағаттанарлықсыз жағдайда.
«Егіс науқаны оңтайлы уақытта сапалы тұқым қолданумен жүргізілді. Фермерлер тыңайтқыштарды дер кезінде қолданды, егістіктерді арамшөптерге қарсы химиялық өңдеуді дер кезінде жүргізді. Сонымен қатар, Қостанай және Ақтөбе облыстарында ауа-райының өзгеруі егіннің жағдайына теріс әсер етті. Өздеріңіз білесіздер, республика аумағында аптап ыстық болды», - деді Сапархан Омаров Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, ең қауіпті жағдай Қостанай облысында тіркелді, Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті фермерлерге көмектесуге уәде берді. «Құрғақшылықтың зардаптарын зерттеу үшін облыстың барлық аудандарын зерттейтін арнайы жұмыс топтары құрылды. Фактілер расталды. Министрлік Қостанай облысының әкімдігімен бірге ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдау шараларын қолға алады», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.
Сапархан Омаров Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы аграрлардан 1 млн тоннаға дейін астық сатып алуды жоспарлап отырғанын айтты.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024