Қазақстан Еуразиялық даму банкінің Ресейге тиесілі үлесін сатып алуға қанша ақша жұмсайды – министр жауабы
Алматы. 17 қаңтар. 7kun.kz – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Еуразиялық даму банкінің Ресейге тиесілі үлесін сатып алуға қанша қаражат керек екенін айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Оның айтуынша, бұл мәселе туралы келісім биыл ратификацияланады. Соның негізінде төлем 2024 жылы аударылуы керек.
«Бұл 2023 жылдың емес, 2024 жылдың бюджетінде. Сомасы шамамен 20 млрд теңгеге жуық. Бұл бүкіл акция пакеті. Ал жылдарға бөлсек, жыл сайын 5 млрд теңгеден. Бірақ біз республикалық бюджетке салмақ түспеу үшін біз 3-4 жылға бөліп тастадық», – деді Жамаубаев.
Айта кетейік, 16 қаңтарда Еуразиялық даму банкінің кеңесі 2022 жылғы 30 желтоқсанда қатысушы мемлекеттер арасында Банктің жарғылық капиталын қайта бөлуді бірауыздан мақұлдағаны белгілі болды. Банктің Ресей Федерациясына тиесілі 321 151 акция пакетінің бір бөлігі басқа қатысушы мемлекеттер арасында біркелкі бөлінеді.