Қазақстан мен Финляндия экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Алматы. 1 наурыз. 7kun.kz – Қазақстан-Финляндия Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы аясында Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Фин бизнес және инвестициялық дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Дөңгелек үстел жұмысына Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі Анна-Мари Виролайнен, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, сондай-ақ екі елдің іскер топтарының 40-тан астам өкілдері қатысты.
Е. Көшербаев отырыста инвестицияларды тарту механизмі, инвестициялық климат, шетелдік инвесторларға арналған салықтық жеңілдіктер туралы айтты.
«Елбасы инвестицияларды тарту мәселесіне жеке назар аударады, бүгінгі күні Қазақстанда инвесторларға барлық жағдай жасалып, инвестициялық климатты жетілдіру бойынша жұмыстар ұдайы түрде жүргізілуде. 2018 жылғы желтоқсан айында инвестицияларды тарту функциясы біздің министірлікке жүктелді. Қазіргі кезде «шетелдік кәсіпорындар-орталық-аймақ» форматында кешенді экожүйені қалыптастыру жұмыстары басталды», - деді Министрдің орынбасары.
Іс-шара барысында «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ, «Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «KaukoInternational», «Finnish Water Forum», «AINS», «Nurminen Logistics» секілді компаниялардың жетекшілері өз таныстырылымдарын ұсынды.
Айта кетейік, екі ел арасындағы тауар айналымы 2018 жылы шамамен 247 миллион АҚШ долларды құрады. Өткен жылы Қазақстаннан Финляндияға 115,7 млн долларға тауар экспортталған. Негізгі экспорттық өнімдер - шикі мұнай, көмір, көмір шикізатын айыру өнімдері, қозғалтқыштар мен күштік станциялары, жүк машиналары, жер жұмыстарына арналған машиналары және жол-құрылыс техникасы.
2018 жылы Қазақстанға Финляндиядан 131,6 млн АҚШ долларын құрайтын тауар импортталған. Негізгі тауарлар: мұнай өнімдері, қағаз, дәрі-дәрмек пен сутек пероксиді.
Шара нәтижесінде «ТҮКШ жаңғырту қазақстандық орталығы» АҚ, «ТЭЖҒЗО типтік және эксперименталды жобалау ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және «AINS Group» арасындағы меморандумға қосымша үшжақты келісімге қол қойылды.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024