Экономика
Қазақстанда 6 млн долларға 3D-принтерге арналған компоненттер өндірісі ашылады
Алматы. 18 қазан. 7kun.kz - Қазақстанда металл 3D-ұнтақтарын өндіретін инновациялық жобаның құны 6 млн долларға бағаланды. Бұл туралы TechGarden АКФ-нің бас директоры Санжар Кеттебеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттен жаңа материалдар мен аддитивті технологиялар бойынша орталықты іске асыруға шамамен 3 млн доллар бөлінді. Сондай-ақ британдық Metalysis компаниясы 3 млн доллардан астам үлес қосуда.
«Бұл өте жаңа және революциялық жоба. Әлемде мұның аналогы жоқ. Қазір біз осы жобаны пысықтап жатырмыз», - деді бас директор.
Кеттебеков бірінші кезеңде алюминийден металл ұнтағын алу бойынша сынаулар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл кезеңдерден сәтті өтіп, дайын болған өнімнің құны 150-170 есе жоғары болуы мүмкін. Оның айтуынша, егер алюминийдің килограмы 3 долларға жуық болса, онда металл ұнтағы килограмының бағасы 500 долларға жетеді.
Сондай-ақ, бұл өнім осы саладағы 3D-машина жасау және 3D-баспа үшін пайдаланылатынын атап өтті.
«Биыл біз зертханалық сынақтар өткіздік, ал келесі жылы өндірістік тесттер өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір бұл жұмыстар ERG компаниялар тобымен біріге жүргізілуде», - деді Кеттебеков.